Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.09.2006 жыл


Сенбілік баспасөз келесі айдан бастап Қазақстанда автомобиль бағасы тағы көтерілуі мүмкін екендігін жазыпты. Сонымен бірге басылымдар республика аумағында ауыл әкімдеріне сайлау науқаны басталғандығына мән берсе, тағы бір газетте мемлекеттік қызметте әйел азаматтарға басымдық берілетіндігі туралы айтылыпты.

Қыркүйектің 5-нен бастап Қазақстанда ауыл әкімдігіне үміткерлерден ұсыныс қабылдау жұмысы басталғандығы туралы «Айқын» газетінде сөз болыпты. «Әзірге үкілеген кандидаттарын алғаш ұсынып үлгерген – Атырау облысы Мақат ауданы ғана. Облыс әкімі тарапынан ұсынылған екі адамның бірі – ауданның қазіргі әкімі Нұрлан Жантоқов болса, онымен бәсекеге жаңа кандидат – Мақат ауданы жолаушылар тасымалының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі бөлім меңгерушісі Уәлихан Жұмабаев ұсынылып отыр» делінген мақалада. Сайлаушылар қамтылған барлық жеке тұлғалардың электрондық есебі «Жеке тұлғалар есебі» компьютерлік бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Бұрын «Сайлау» автоматтандырылған сайлау жүйесін қолдану барысында компьютерде қазақша қаріптердің жоқтығынан, есепке алынған адамның сайлаушылар тізімінде көрінбеуі немесе бір тұлға жөнінде қайшылықты әлде қайталанған мәліметтердің кездесуі тәрізді кемістіктер орын алып келген болса, жаңадан ұсынылып отырған бағдарламада ол олқылықтың да орны толтырылыпты» деп жазды «Айқын» газеті.

Осы тақырып төңірегінде жазған мақаласында «Егемен Қазақстан» газеті 18 жасқа толған әрбір азаматы билік органдарын сайлауға құқығы бар екендігіне мән беріпті. Биылғы жылдың 20 қазанында республиканың 50 ауданы мен 10 қаласында әкімдер сайлауы өтеді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтің айтуынша, кандидаттар ұсыну мерзімі қыркүйектің 19-күні аяқталады. Сайлауды өткізу барысы талқыланған республикалық семинар-кеңесте сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізуге, сайлау туралы заңнаманың, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын өткізу ережесінің қолданылуына, сайлау үдерістерінің айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты мәселелер сөз болыпты. Сонымен қатар, қатысушылар назарына сайлау науқанын қаржыландыру мен материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету шарттары ұсынылды» делінген «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалада.

Бұл уақытта билік өкілдері мемлекеттік қызметке қабылдарда әйел азаматтарға басымдық беріп отырғандығы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде баяндалыпты. «Статистикалық агенттігінің мәліметі бойынша республикада мемлекеттік қызметкерлердің 58 пайызға жуығы әйел азаматтар екен. Ал егер сол статистикаға үңіле қарайтын болсақ олардың көпшілігі атқарушы қызметіндегілер екендігін аңғаруға болады. Ал шешімді шығарып отырған ер кісілер» делінген мақалада. – Біздің қыздарымыз жоғарғы орындарға ұмтылысын арттырып, әртүрлі байқауларға қатысып қана қоймай, білімі мен біліктілігін тереңдететін курстарда үнемі машықтанғаны дұрыс, - депті Қазақстандағы гендерлік саясат мәселесі талқыланған жиында сөз сөйлеген министр Зауытбек Тұрысбеков. Ол сонымен бірге әйел азаматтарды қазанның 20-күні өтетін ауыл әкімдерінің сайлауына қатысуға шақырған» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Ал «Литер» газетін Қазақстанда автомобиль бағасы көбірек толғандырыпты. «Мәшине саудасымен айланысатындар арасында өкімет шетелден келетін ескі мәшинелерге салықты көбейтіпті деген әңгіме бар. Ал екіншілері кеден бекеті бағаны өзі көтеріп отыр екен дегенді айтады. Бірақ бұл сөздердің барлығы шындыққа жанаспайды. Қалай дегенмен келесі айдан бастап Қазақстанның автомобиль нарығында баға көтерілетіндігі анық» делінген мақалада. Биліктің автомобиль нарығына араласу ниеті бар екендігі туралы әңгіменің айтылып жүргеніне біраз уақыт болды. Содан бері мәшине бағасы қымбаттамаса арзандаған емес. Соған қарамастан автомобильге сұраныс та азайып отырған жоқ» деп жазды «Литер» газеті.

Ішкі істер министрлігі жол полициясы департаментінің директоры «Литер» газетіне берген сұхбатында Қазақстанда ескі мәшинелер көбейіп кеткендігін айтқан. - Бұл жағдайдың жол қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар. Мәселе кедендік тарифтер көтерілген кезде шешіліп қалар, дейді департамент директоры «Литер» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG