Accessibility links

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 15 жыл толды


Тамыздың 29-күні Семей ядролық полигонының жабылғанына 15 жыл толуына орай ұйымдастырылған шаралар Нагасаки қаласы тұрғындарының Семей жұртшылығымен телекөпір арқылы жүздесуімен басталып, әрі қарай Семейдегі орталық алаңдағы жалпықалалық митингпен жалғасты. Акцияға қатысқан қоғам өкілдері полигоннан зардап шеккен халыққа бір реттік өтемақының толық төленуін талап етсе, билік өкілдері халыққа тиесілі қаржының 30 пайызы ғана берілгендігін айтып отыр.

Ядролық қарудың зардабын осыдан 61 жыл бұрын басынан кешірген Жапонияның Нагасаки қаласының тұрғындары Семей халқымен достық байланыстарын әрі қарай дамытқысы келетіндігін тамыздың 29-ы күні Семей полигонының жабылғанына 15 жыл толуына орай ұйымдастырылған телекөпір барысында жеткізді. Бұл туралы тамыздың 29-күні «Азаттық» радиосына Семей мен Нагасаки қалалары арасындағы тікелей байланысты ұйымдастырушылардың бірі Сағадат Құсайынқызы хабарлады:

- Бұл акцияға қалалық мәслихаттың, емдеу мекемелерінің бастықтары, студенттер мен оқушылар қатысты. Ал Жапония жағынан Нагасаки қаласының мэрі өзінің жолдауын жасады. Жапон халқы Семей өңірінің полигоннан зардап шеккен халқымен бірге екендігін, достық қарым-қатынастарды жалғастыра бергісі келетіндігін білдірді. Таңғы сегізде басталған телекөпір 1 сағат 45 минутқа созылды.

Бұған дейін семейліктер Нагасаки қаласына атом бомбасы тасталғанына 61 жыл толуына орай тамыздың 9-күні нагасакилықтармен телекөпір арқылы тікелей байланыс орнатқан болатын. Акция барысында жапондық ғалымдар медицина саласындағы мол тәжірибесімен бөліскісі келетіндігін білдірген. Осы телекөпірге қатысқан жапондық дәрігер Дой Кюхей мырзаның Семейде рак ауруын емдеудің жаңа тәсілін зерттеп жүргеніне 5 жыл болыпты.

- 1999 жылы Жапония үкіметі полигоннан зардап шеккен Семей өңіріне көмек көрсету туралы шешім шығарған болатын. Бұл аймақта рак ауруына шалдыққандар өте көп екен. Қазіргі таңда біздің жоба Семей өңірін ғана емес, бүкіл Шығыс Қазақстан облысын қамтып отыр, - деді Дой Кюхей мырза.

Ал Семейдегі кеңестік диагностикалық орталығының маманы Сағадат Құсайынқызы болса тұрғындардың денсаулығындағы кеселдердің дәл полигоннан екендігін анықтай алмай отырғандығын айтады.

- Дәрігер ғалым ретінде айтарым, полигонның зардабы тек радиацияға байланысты емес. Сонымен бірге полифакторлық әсері бар. Бірқатар мамандар осы өңірдегі радиацияның жоғары еместігін айтады. Бірақ, сынақ кезінде тұрғындарға сейсмикалық ықпалы болғандығын жоққа шығармауымыз керек. Бұл адамдарда психологиялық дағдарыс жағдайын туғызады, - деді дәрігер Сағадат Құсайынқызы.

Нагасакимен арадағы телебайланыс аяқтала салысымен Семей жұртшылығы тамыздың 29-күні Семей қаласының орталық алаңына жиналды. Ядролық сынақтарға қатысқан ардагерлер ұйымының төрағасы Ерғазы Мұхамеджантегі жалпықалалық жиынға полигоннан зардап шеккендерге тиесілі жәрдемақы толығымен төленбей отырғандығын айту үшін келгендігін жеткізді.

- «Семей полигонынан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек туралы» 1992 жылы қабылданған заңда тұрғындарға бір реттік өтемақы қарастырылған. Көмек алу тиістілердің 80 пайыздайы содан бір тиын көрмеген. Мемлекет беретін ақшасын тоғыз есе кемітіп, соның өзін бермей бұлаңқұйрыққа салып жатыр. Мәселен, мен 66 мың 500 теңге алуым керек болса, қолыма тигені 13 мың 600 теңге. Қалғанын бермейміз деп отыр. Бір реттік өтемақыны алғандар 15-20 пайыздан аспайды, - деді қалалық митингке осындай талаптармен шыққан Ерғазы Мұхамеджантегі.

Семей полигонынан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек туралы құжатта апат ошағына жақын аудандардың тұрғындарды зейнеткерлікке бес жыл бұрын шығару туралы ереже қарастырылған.

- Заңда айтылған бұл ереже де сақталмай отыр, - деді Ерғазы Мұхамеджан.

Ал Шығыс Қазақстан облыстық әлеуметтік қамсыздандыру департаменті бастығының орынбасары Ольга Кузеванова болса тұрғындарға заңда көрсетілген жеңілдіктер орындалып жатқандығын алға тартады. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста бір реттік өтемақы алуға тиіс халықтың шамамен 30 пайызы өтемақысын алған.

- Облыстағы 300 мыңнан астам зейнеткерлер бір реттік өтемақыны алып болды. Оған аса қауіпті аймақтағы екі мыңнан астам адамды қосыңыз. Сонда шамамен облыс тұрғындарының 30 пайыздайы алған болып шығады. Ал жұмысшылардың өтемақысын төлеу үшін 165 миллион теңге бөлінген. Келесі жылға өтемақыны төлеуді жалғастыру үшін де қаржы қарастырылып жатыр. Яғни, қазіргі таңда мемлекет өз қарыздарын қайтара бастады, - деді әлеуметтік қамсыздандыру департамені бастығының орынбасары Ольга Кузеванова.

Сонымен бірге Ольга Григорьевна бір реттік өтемақы бұған дейін алғандарға берілмейтіндігін, ал жарым-жартылай алғандары болса, тиісті құжаттарын көрсету арқылы жаңа заңдылықтардың негізінде қалған бөлігін алуға құқылы екендігін айтты.

Қазіргі таңда Семей полигонына жақын аймақта миллионнан астам халық тұрып жатыр. Сынақ алаңындағы алғашқы жарылыс 1949 жылы басталып, 1991 жылы ресми түрде жабылғанға дейінгі аралықта полигонда бес жүзге тарта жойқын қару сынақтары жарылған.
XS
SM
MD
LG