Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.23.2006 жыл


Сәрсенбілік газеттердің біріне Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбеков Төтенше жағдай жөніндегі министрлік қызметін Байқоңырға көшіру керектігін айтыпты. Сонымен бірге басылымдарда Гуантанамо түрмесінде жатқан қазақстандық туралы сөз болса, тағы бір газет қажылық сапарға дайындық мәселесі Үкіметте талқыланғандығына мән беріпті.

Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбековтың «Днепр» зымыран тасығышының зардаптары туралы сұхбаты «Айқын» газетінде жарық көріпті. Онда аймақ басшысы «апаттан келген шығын 40 миллиард теңгенің көлемінде деген болжам қайдан шыққан?» деген сұраққа былай деп жауап берген: «Рас, Мемлекеттік комиссияның тапсырмасы бойынша республикалық тиісті органдардың мамандары мен жергілікті кадрлар мүмкін болатын шығынның мөлшерін есептеп шығарған. Сонда ортақ мәмілеге келінген 40 млрд теңге деген цифр тап бүгінгі таңдағы шығынның мөлшерін көрсетпейді, ол апаттың зардаптарын біртіндеп жоя түсуге арналатын содан арғы уақыттағы 5-6 жылда жаратылатын қаржының ауқымы болып табылады. Демек, бұл сома – дәл қазіргі таңдағы залалдың көрсеткіші емес» деді Икрам Адырбеков. Сонымен бірге аймақ басшысы Байқоңыр ғарыштық орталығы басшылығына реніші барын айтыпты. «Апатты жағдайды болдырмау үшін барынша әсерлі іс-әрекетке қол жеткізуіміз керек. Бұл үшін қашан, кім не істеуге тиісті екені белгіленген дәлме-дәл жоспар жасалынуы керек. Демек, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік қызметін Байқоңырға аудару керек» депті Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбеков «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта Қазақстан жағы апаттан келген шығынның көлемін анықтап шыққандығы туралы «Комсомольская правда: Казахстан» газеті жазыпты. «Қазіргі есептеп шығарғаны 400 миллионнан 40 миллиард теңге аралығында. Егер Қармақшы ауданы апат аймағы деп танылса, онда шығын көлемі 40 миллиард теңгеге бағаланбақ» делінген мақалада. Президенттің Байқоңырдағы өкілі Нұрбек Шакишевтің айтуынша, Ресей жағы уақытты барынша созуға тырысады. Өйткені уақыт созылып кетсе шығын да аз төленбек. «Роскосмос» ғарыш агенттігінің баспасөз хатшысы Игорь Панарин қорытынды шешім тек қыркүйекке таман қабылданатындығын айтыпты. «Қазақстан мен Ресейдің бірлескен отырысы қыркүйектің алғашқы ондығына белгіленген. Бұған дейін Ресей жағы барлық шығынды өтеп беретіндігін айтқан болатын» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Ал «Аргументы и факты: Казахстан» газетінде «Әл Қайда» ұйымына қатысы бар деген күдікпен Американың Гуантанамо түрмесінде жатқан қазақстандық туралы мақала жазылыпты. «Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Ильхамжон Ботаев 2002 жылы Ауғанстанда қолға түсіп, аталған түрмеге түскен» делінген мақалада. Жақында америкалық адвокат Томас Джонсон аталған түрмедегі қазақстандықтың жақындарымен сөйлесу үшін Алматыға келген. «Адвокаттың айтуынша, 2005 жылға дейін Гуантанамоның әскери-теңіз базасындағы тұтқындарға адвокат қарастырылмай келген. Томас Джонстың пікірінше, өркениетті заманда кісіні ақтауға жағдай жасамау - заңсыздық. Тіпті, фашисттерге қарсы Нюрнберг сотында қылмыскерлердің адвокаттары болған», депті Томас Джонсон. Ал 2005 жылы Гуантанамодағы тұтқындарға америкалық адвокаттардың қызметін тұтынуға жағдай жасалып, Томас Джонсон сондағы Ильхамжон Ботаевпен танысқан» деп жазды «Аргументы и факты: Казахстан» газеті.

«Егемен Қазақстан» газеті қажылық сапарды ұйымдастыру мәселесі Үкіметте талқыланғандығына мән беріпті. «Әділет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетінде мұсылмандардың 2006-2007 жылғы қажылық сапарын ұйымдастыру мәселелеріне қатысты кеңейтілген отырыс болды. Биыл бұл сапар 2006 жылдың 22 желтоқсанынан басталады. Қажылық сапарды ұтымды ұйымдастыру мақсатымен Дін істері жөніндегі комитет аталған отырысқа барлық мүдделі жақтардың өкілдерін шақырған екен. Мәжіліске қатысқандардың айтуынша, былтыр Қазақстаннан 1800-ге жуық адам қажылық парызын атқарыпты. Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшілігі қажылық визаларды тек қана Қазақстан мұсылмандар діни басқармасымен келісу арқылы беретіндігін айтқан. Сонымен бірге, қажыларға қызмет көрсететін туристік компаниялар мен фирмалардың тізімін де осы басқарма хабарлайтын болыпты» делінген «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалада.

Оңтүстік Қазақстан облысынан табылған ғажайып Құран үшін зәулім ғимарат салынуы мүмкін екендігі «Экспресс К» газетінде айтылыпты. «2002 жылы табылған бұл кітапты шамамен 12 ғасырда Мунир ибн Ғабдуллах қари жазып шығарған. Салмағы 40 келі тартатын кітаптың тағы бір ерекшелігі – көлемі жағынан өзгеріп тұратындығында: ұзындығы 5 сантиметрге, ені 7 сантиметрге созылады. Зерттеушілер бұл кітапты Қазақстан аумағына 14 ғасырда Әмір Темір әкелуі мүмкін екендігін айтады. Енді бастамашыл топ осы кітапты қоятын арнайы ғимарат соғу туралы ұсыныс жасап отыр» деп жазды «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG