Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.17.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз Сомали әуежайына қару тасыған ұшақтың «Бүркіт» әуекомпаниясына қатысы бар екендігін жазыпты. Сонымен бірге газеттер мүлікті заңдастыру акциясы Үкімет басшысының сынына ұшырағандығына мән берсе, тағы бір басылымда жаңа кескіндегі теңгелер таратыла бастағандығы туралы баяндапты.

Қанатында Қазақстанның мемлекеттік рәмізі басылған ұшаққа қатысты шулы оқиғаның мән жайы қазіргі уақытта қауіпсіздік қызметінің күштері мен прокуратура және президенттің қорғау қызметінің қатысуымен анықталып жатқандығы «Время» газетінде айтылыпты. Онда мақала авторы Геннадий Бендицкий өткен жолғы материалында қамтылған жайттар толығымен расталып отырғандығын келтірген. «Соған қарамастан мүдделі жақтар қару тасыған ұшақтың Сомали астанасына қонардан он күн бұрын GST компаниясы мен «Бүркіт» әуекомпаниясы арасындағы келісім тоқтатылғандығына бізді сендіргісі келеді. Олардың айтуынша, ұшақтың қазіргі иелері Оңтүстік Африка Республикасындағы бір әуекомпания. Біздің мәліметіміз бойынша, келісім бұзылмаған, бұл ұшақ әлі де «Бүркіт» әуекомпаниясының тізімінде» делінген «Время» газетіндегі мақалада.

Бұл уақытта «мүлікті заңдастыру туралы» заңның орындалу барысы Үкімет отырысында сынға ұшырағандығы «Айқын» газетінде жазылыпты. «Аталған заңға сәйкес, жылжымалы мүлікті заңдастыру биылғы шілденің 3-інен 30 желтоқсанға дейін жүзеге асырылуы керек-тін, ал жылжымайтын мүліктің белгіленген заңдастырылу мерзімі, келесі 2007 жылдың 1 сәуіріне дейін. Сол «күлкі күніне» дейін оны ойдағыдай іске асыра алмай, «күлкіге қалу» қаупі қазірден байқалады. Өйткені кейбір облыстарда мүлікті заңдастыруға әліге дейін бірде-бір өтініш берілмеген көрінеді» делінген мақалада. Ал жалпы, «республика бойынша бүгінге дейін барлығы 41 ғана өтініш түсіп, соның әзірше 20-сының мүлкі заңдастырылыпты. Онда да заңдастырылып жатқанның дені ауыл шаруашылығы техникалары көрінеді. Сондықтан Даниал Кенжетайұлы мүлікті заңдастыру операциясының «құпиялылығын қамтамасыз етудің маңыздылығын» қадап айтыпты. Сонымен қатар қаржы министрлігіне, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігіне һәм ұлттық банкіге осы апта аяғына дейін «мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның тиімді түрде іске асырылуына ықпал ететін ұсыныстар әзірлеу жөнінде тапсырма берілді» деп жазлы «Айқын» газеті.

Мүлікті заңдастыру туралы заң үкіметте талқыланып жатқанда, «Алматыдағы миграция және Шаңырақ факторы» сөз болған дөңгелек үстел мәжілісі Алматы қаласында өткендігіне «Литер» газеті мән беріпті. Онда соңғы жылдары Алматыдан көшіп кетушілерден гөрі Алматыға келушілер көбейгендігі айтылған. Мақала авторы Игорь Хеннің пікірінше, бұл жағдай көбіне-көп келеңсіз жағдайларға ұрындырып келеді. Оған дәлел ретінде Игорь Хен Алматыдағы қылмыстың 35-40 пайызы сырттан келгендердің қолымен жасалатындығы туралы миграциялық полицияның мәліметін келтіріпті. «Зерттеушілер мигранттардың тек 9 пайызы ғана құрылыс саласында жұмыс істейтіндігін анықтапты» деп жазды «Литер» газеті.

Жаңа бейнедегі теңгелер Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратыла бастағаны «Экспресс К» газетінде баяндалған. Осы жылдың аяғынан бастап жаңа банкнот айналымға енгізілетіндігін Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденов хабарлаған. Сонымен бірге банк төрағасы доллардың қымбаттауы қандайда бір саяси тапсырыстан туындамағандығын айтыпты. «Теңгенің құлдырауына екі түрлі объективті фактор әсер еткен: біріншісі, осы жылдың шілде айынан бастап Ұлттық қордағы қаржыны пайдалану механизмі өзгертілген болатын; оған қоса Ұлттық банкі басшылығының үкімімен Ұлттық қордағы активтерді конвертациялау және реконвертациялау ережелері бекітілген. Осындай жаңа ережелер доллардың қымбаттауына әкелген» деген болжамды «Экспресс К» газеті келтіріпті.
XS
SM
MD
LG