Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.16.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз Қазақстанда баспана құны алдағы жылдары да өсе береді деген болжам жасап отыр. Сонымен бірге басылымдарда Шаңырақтағы үйлердің бұзылуына қарсы наразылық акциясы өтетіндігі айтылса, тағы бір газетте Наурызым қорығының 1200 гектары өртеніп кеткендігіне мән беріліпті.

Аумағы жағынан Қазақстандағы үлкен қорықтардың бірі – Наурызым өрт құшағына оранғандығы туралы мақала «Литер» газетінде басылыпты. «Өрт өткен сенбі күні қорықтағы ағаштарға жай түскеннен басталған. Осы жылғы құрғақшылықтан қураңқы қалдегі Наурызым қорығындағы ағаштар тез тұтанып, қатты желдің салдарынан өрт тез тараған. Тілсіз жау қорықтың 1200 гектарға жуық жерін жалмап кетті» делінген мақалада. Өртті сөндіруге шамамен 140 адам жұмылдырып, олар тілсіз жауды толығымен ауыздықтай қоймаса да өрттің әрі қарай таралуын тоқтатқан. Наурызым осы жылы бірінші рет өртеніп отырған жоқ. Бұған дейін қорықта маусым айында да өрт шығып, сол солы орманның 700 гектары өртеніп кеткен еді. Қазақстанның солтүстік-шығысында орналасқан Наурызым қорығының жалпы аумағы 87 мың гектардан асады. Бұл жердің арнайы қорғала бастағанына биыл 75 жыл болыпты. «Наурызымда сирек кездесетін өсімдіктердің 687 түрі бар» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Айқын» газеті Қазақстанда баспана бағасы күйіп тұрғандығына мән беріпті. «Үкімет алдағы үш жылда инфляция деңгейін 5-7 пайыздан асырмауды межелеп отырғанмен, бұған жылжымайтын мүлік бағасының негізсіз шарықтауы кедергі болуы мүмкін екенін түйсініп отыр. Сондықтан билік тарапынан қалай да тұрғын үй бағасын тұрақтандыру жолдары іздестірілуде. Мұның бір жолы ретінде жылжымайтын мүлікті табыс көзіне айналдырған алыпсатарлар үшін кіріс салығын салуды ұсынып отыр» делінген мақалада. «Құрылыс компаниялары мен риэлторларға салсақ, ұсыныстан сұраныс басым болмайынша, үй бағасы өсе бермек. Олардың тағы бір алға тартары – Қазақстанда 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап үлестік тәсілмен үй салуға байланысты заң күшіне енбекші. Ол заң күшіне енген соң, ұсақ құрылыс компаниялары тұрғын үй нарығынан түгелге жуық кетіп, тек ірі компаниялар ғана қалмақшы. Сөйтіп, Ресейде қабылданған дәл осындай заң ондағы үй бағасын 10-20 пайызға қымбаттатып жібергенін мысалға келтіреді» деп жазды «Айқын» газеті.

Бұл уақытта Үкіметтің жер учаскесін бөлуге қатысты қаулысы тамыздың 10-ынан бастап күшіне енгені «Литер» газетінде жазылыпты. Аталған құжатта әр азаматқа баспана қажеттілігі үшін 10 сотық жер тиесілі екендігі айтылған. «Бұл заң шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ және оралмандарға жер бөлуді қамтымайды. Құжат жері жоқ Қазақстан азаматтарына жер талап ету жағдайын қарастырады» делінген мақалада. «Жергілікті атқарушы органның құрамындағы комиссия өтініш түсірген азаматтардың арызын қарап барып, жері жоқ екендігі анықталған жағдайда арыз иесін жер кезегіне енгізеді. Әкімшілік баспана қажеттілігіне жер бөлу жағдайын әр төрт ай сайын хабарлап отыруы тиіс» делінген «Литер» газетінің мақаласында.

Сонымен бірге «Литер» газеті балалар үйінде тәрбиеленгендерді баспанамен қамтамасыз ету жағы қиын екендігіне де мән беріпті. «Қарағандыдағы «Жарқын» балалар үйінің директоры Гүлнәр Садықованың айтуынша, кәмелет жасына толып мемлекеттік мекемені тастап шыққан балалардың көбі өз үйлеріне кіре алмай отыр - балалардың бұған дейін ата-анасымен бірге тұрған баспаналарына бейтаныс біреулер кіріп алған болып шығады. Жасөспірім үйлерде тәрибеленген балалардың көбісінің меншікті баспанасы жоқ. Бұған дейін оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жағы мемлекеттің мойнында болатын. соңғы өзгертулер кезінде бұл ережелер заңнан түсіп қалды, дейді Гүлнәр Садықова. Оның пікірінше, баспана бағасы ұшып тұрған заманда сүйеніші жоқ кісінің өз күшімен үй сатып алуы өте қиын» деп жазды «Литер» газеті.

Бұл уақытта Алматының «Шаңырақ» ықшам ауданындағы заңсыз тұрғызылған баспаналардың бұзылуына қарсы наразылық акциясы өтетіндігі «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтында айтылыпты. «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитеті ұйымдастырған акция тамыздың 20 күні Алматы қаласында өтеді. Қалалық әкімшілік наразылық шарасын өткізуге келісімін беріпті. Акцияны өткізудегі мақсат – қала шетіндегі ықшам аудан тұрғындарының баспанасын бұзуға қарсы талаптарына қолдау көресету» делінген «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтында.
XS
SM
MD
LG