Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.15.2006 жыл


Сейсенбілік баспасөз Семей қаласындағы балалар үйінен бір жылдың ішінде 22 бала жындыханаға жіберілгендігі туралы жазыпты. Сонымен бірге басылымдар Еуразия экономикалық қауымдастығының Сочидегі форумына мән берсе, тағы бір газеттер Шар-Өскемен темір жолы салынып бітуге жақын екендігін жазыпты.

Семей қаласындағы бір ғана №8-жетім балалар үйінде жылына жиырмадан астам бала жынданып, психатриялық ауруханаға жатқызылатындығы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Жақында ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облыстық департаментінің қызметкерлері, кәмелетке толмаған жетім балалар үйінің тәрбиеленушісін Теміртау қаласындағы психиатриялық ауруханаға заңсыз жатқызғандығы туралы фактіні анықтаған болатын. Жетім балаларды «жындандыру» тек Қарағанды облысында ғана емес, басқа қалаларда да жиі кездесетін көрінеді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы Семей қаласындағы №8-жетім балалар үйін тексеру жұмыстары барысында, ондағы дендері сау тәрбиеленушілердің жындыханаға жатқызылуы заңсыз түрде жүргізіліп келгені анықталды» делінген мақалада. «Осы жетім балалар үйінен былтыр 22 бала психиатриялық ауруханаға жатқызылған екен. Биыл жеті айдың ішінде 17 бала «жынданыпты» деп жазды «Айқын» газеті.

Осы тақырыпқа қатысты «Казахстанская правда» газеті заңға сәйкес жындыханаға жатқызудан бұрын ол адамның туған-туыстарының рұқсаты керек екендігіне мән беріпті. «Алайда Семей қалалық прокуратураның жүргізген тексеруі барысында жындыханаға түскен балалардың жақындарынан мұндай рұқсат болмағандығын анықтаған. Соған сәйкес прокуратурадағылар бұл жағдайда кәмелетке толмаған балалардың құқығы бұзылған деп есептейді. Осы іске байланысты емдеу мекемесінің бірқатар қызметкерлеріне қатаң сөгіс жарияланды» делінген «Казахстанская правда» газеті.

Бұдан бөлек мерзімді басылымдар Еуразия Экономикалық Қауымдастығының Сочи қаласында басталған биресми саммитіне мән беріпті. Форум жұмысына Қазақстан президенті Н.Назарбаев қатысатындығы «Казахстанская правда» газетінде айтылған. «Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық қауымдастығы көлік, энергетика, агроөнеркәсіп кешені мен еңбек миграциясы мәселелеріне ден қойып отыр. Сочиде басталған форум биресми екендігіне қарамастан саяси және іскер топтардың назарын өзіне аударары анық. Өйткені, осындай жиындардың нәтижесінде жаңа бір шешімдердің негізі туып жатады» делінген мақалада. Еуразиялық экономикалық қауымдастық құру туралы келісім 2000 жылы қабылданған болатын. «Ал Еуразиялық одақ құру идеясын Н.Назарбаев 1994 жылы айтқан» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.

Еуразиялық экономикалық қауымдастығына қатысты екі түрлі қайшы пікірді «Экспресс К» газеті келтіріпті. «Еуразия әлемі» журналының бас редакторы Эдуард Полетаевтың пікірінше, мұндай саммиттер көбіне-көп декларативті мазмұнда өтіп келеді. «Сонымен бірге қауымдастық аумағында шекараны алып тастар болсақ Тәжікстан мен Өзбекстанның еңбек күштері Қазақстан мен Ресейге қарай ауатын болады. Бұл халықтың орналасуына кері әсер ететіндігі анық», деді Эдуард Полетаев. Аталған ұйымның Қазақстандағы хатшылығы Бас хатшысының орынбасары Серік Пірімбетовтың айтуынша, қазіргі таңда ортақ кеден тарифіне қатысты келісімдердің 62 пайызы орындалыпты; азаматтық алу жағы жеңілдетілген. «Кеден одағы құрылып болған соң біртұтас экономикалық кеңістікке жол ашылады. Ал одан кейін қауымжастық аясында ортақ валюта енгізу жағы қарастырылатын болады» деді Серік Пірназаров «ЭкспрессК» газетіне берген сұхбатында.

Қауымдастық басшылары биресми саммитке жиналып жатқанда Қазақстанның ішінара қарым-қатынасын жақсартуды көздейтін Шар-Өскемен темір жолы салынып бітуге жақын екендігі «Егемен Қазақстан» газетінде айтылыпты. «Тыңнан салынып жатқан Шар-Өскемен темір жолының жалпы ұзындығы – 153 шақырым. Оның құрылысына жоғары сапалы бетон пайдаланылып жатыр. Мұндағы жұмыс енді бір ай мөлшерінде аяқталады екен. Ал жалпы Шар-Өскемен темір жолының құрылысы келесі жылы толық бітеді» делінген «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалада.

Қазақстанда темір жол саласында 60 мыңға жуық адам қызмет етіп келетіндігі «Айқын» газетінде жазылыпты. «Қазақстан темір жолы» компаниясының маманы Сырғабек Жұмағұловтың айтуынша, Павлодар, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағандыда теміржолшылардың біліктілігін көтеру орталықтары бар. «40-стансадағы орталықта жылына 1200 адам біліктілігін көтереді. Астана, Атырау, Жамбыл, Алматы, Павлодарда теміржол колледждері жұмыс істейді. Осындай білім орындарында жылына бір жарым мыңдай орта буын мамандар даярланады» деп жазды «Айқын» газеті.

Сонымен бірге «Егемен Қазақстан», «Айқын» жене «Литер» газеттерінде осы жылғы мемлекеттік гранттарға ие болған талапкерлердің тізімі жарияланыпты.
XS
SM
MD
LG