Accessibility links

Қазақстанның орыс қауымдастығы Ресейге қоныс аудару мәселесін талқылады


Қазақстандағы орыс қауымының мүддесін қорғайтын ұйым өкілдері тамыздың 11-күні Алматыда бас қосып, Ресейдің шетелдегі отандастарына өз еркімен қоныс аударуына ықпал жасау туралы Ресей президенті В.Путиннің Жарлығына байланысты өз пікір-көзқарастарын ортаға салды. Форумда Қазақстандағы орыс қауымының басшысы Юрий Бунаков халықтың Ресейге көшуіне қарсы үгіт жүргізетіндігін мәлімдесе, «ЛАД» ұйымының төрағасы Иван Климашенко орыс қауымына Қазақстанда барлық жағдай жасалмай отыр дегенді алға тартты.

Ресей президенті Владимир Путинннің шетелдегі отандастарын федерацияға өз еркімен көшуіне ықпал жасау туралы осы жылғы маусымның 22-күні қабылдаған Жарлығына қатысты өз ұстанымдарын білдіру үшін Алматыға жиналған Қазақстандағы орыс қауымының өкілдері мұндай құжаттың қабылдануынан Ресейге көшетіндер саны арта қойматындығын айтып отыр.

«ЛАД» ұйымының төрағасы Иван Клемашенконың пікірінше, халық бұл процестің қалай жүретіндігінен әзірге бейхабар.

- Мен алдағы бір-екі жылдың көлемінде халық Ресейге қарай үдере көшеді деп есептемеймін. Әрі қарай жағдайдың қалайша өрбитіндігі сол қоныстанғандардың қаншалықты жайлы орналасқандығына байланысты, - деді Иван Клемашенко.

Ал Қазақстандағы орыс қауымының басшысы Юрий Бунаков болса халықты көшіруге қарсы жұмыс істеуге бар екендігін білдірді:

- Егер билік бізге түсіністікпен қарайтын болса, онда біз еңбекке жарамды халықтың Ресейге көшуіне қарсы үгіт жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Қазақстандағы орыс, казак және славян ұйымдарын үйлестіру кеңесінің төрағасы Юрий Захаровтың пікірінше, қауымдастық өкілдері бұл құжатқа күмәнмен қарап отыр.

- Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейге Қазақстаннан қоныс аударған мыңдаған азамат әлі күнге дейін Ресей азаматтығын ала алмай жүр. Екіншіден, Қазақстан көптеген адамдар үшін тіршілік ету ортасы ғана емес, бұл біздің Отанымыз да. Менің өзім осында келген аталарымыздың бесінші ұрпағымын. Менің пікірімше, көшіруге бөлінетін шығынды Қазақстандағы орыс тілді диаспораның нығаюына жұмсағаны дұрыс, - деді Юрий Захаров.

«ЛАД» ұйымының төрағасы Иван Климашенко әңгіме болып отырған құжаттың уақытынан кеш қабылданғандығын алға тартты.

- Біз мұндай Жарлықтың қабылданғанын құптаймыз. Бұған дейін біз Ресей жағына керек еместей сезінетінбіз. Енді олар көшіп келіңдер деп айтып жатыр. Бұл бір жағынан жанға шипа болғандай жаңалық. Ал екінші жағынан, кеш қабылданған шешім сияқты. Әзірге халық бұл процестің қалай жүретіндігін, одан не күтетіндігін білмей отыр. Сондықтан үміттен бұрын күмән басым.

Иван Клемашенконың айтуынша, Қазақстандағы орыстардың еркін өмір сүруіне барлық жағдай жасалып отырған жоқ.

- Ең басты қиыншылық іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіруден туындап отыр. Қазақстанның барлық аумағында дерлік іс-қағаздары мемлекеттік тілге аударылды. Ал халық бұған дайын емес. Осыдан келіп құжаттарды өзі түсінбейтін тілде толтыруға тура келеді. Содан халықтың психологиясында мен бұл жерде керек емеспін деген ой туады. Сөйтіп көшу алдындағы көңіл күй пайда болады, - деді Иван Клемашенко.

Ал мемлекеттік тілді жетелдетіп оқытудың республикалық орталығы директорының орынбасары Серік Ерғали іс қағаздары біржақты жүргізіліп жатыр деп есептемейді.

- Қазір мемлекеттік тілге көшті деген облыстардың барлығында іс-қағаздардың орысша аудармасы ғана бар. Ал іс жүзінде отырыстардың барлығы орыс тілінде жүргізіледі. Жоғары жаққа келіп жатқан қағаздардың барлығы орыс тілінде. Біз міндеттеуді ұмытып, тек құқықтық жағынан жағдай жасап отырмыз. «Неге олар мемлекеттік органның табалдырыған мемлекеттік тілді біліп келмейді» деген мәселе қойылмай отыр. Қазақ тілін үйренем деген адамдарға қазір жағдай жасалған, - деді Серіқ Ерғали.

«Республикада тіл саясаты дұрыс қойылған» деген пікірді «Азаттық» радиосына Қазақстандағы орыс, казак және славян ұйымдарын үйлестіру кеңесінің төрағасы Юрий Захаров білдірді.

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ал орыс тілі – ресми тіл екендігін нақты айырып отыр. Осыдан біз таймауымыз, Конституция сақталуы тиіс. Орыстар мен орыс тілділердің бейғам өмір сүруіне бұл жеткілікті.

Қазіргі таңда Қазақстанда 4 миллионға жуық орыстар тұрады. Бұл республика халқының шамамен 26 пайызына тең.
XS
SM
MD
LG