Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.02.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз АҚШ долларының бағасы 35 пайызға арзандауы мүмкін екендігін жазды. Сонымен бірге басылымдар ескі автокөліктер неге қымбаттады деген сұраққа жауап іздесе, тағы бір газетте Қазақстандағы жанармай қожайындары бағаны тағы өсіргеніне мән берген.

Жанармай «қожайындары» бағаны тағы көтергені туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көрген. «Жанармайдың көктем-күзгі жиын-терім науқанында қымбаттайтын әдеті бар екендігін жұрт жақсы біледі. Бірақ, неге міндетті түрде жиын-терім кезінде баға өсіп шыға келеді деген сауалға әлі күнге дейін ешкім жартымды жауап бере алмауда» делінген мақалада. Оңтүстік аймақтарда егін орағы басталғалы май құятын стансалардағы жанармай бағасы көтеріліп кетті. Сонымен қатар бағаның көтерілуі өзімен бірге «жеңіл көліктердің жанармайына» деген тапшылықты да ала келген. «Шілденің алғашқы күндері ондай тапшылықты бірінші болып шымкенттіктер мен алматылықтар сезіне бастап еді. Енді ол республикамыздың барлық аймақтарын жайлап алуда деуге болады. Көлігі барларды қынжылтатыны – ең қажет деген жанармай маркаларының 10 теңгеден аса қымбаттауы. Май құятын стансасы көп деген Алматының өзінде ұзын-сонар шұбалаңдаған кезек» деп жазды «Айқын» газеті.

Бұл уақытта автөлік нарығында ескі мәшинелердің қымбаттауы «Аргументы и факты: Казахстан» газетінде сөз болыпты. Базардағы көлік құны соңғы бірнеше аптаның ішінде шамамен мың жарым долларға өскен. «Автокөлік сатушы Роман Мироновтың айтуынша, көліктің бұлайша қымбаттауына ескі мәшинелер республика аумағына жіберілмейді екен деген сыбыс түрткі болған. Жеті және одан көп жыл ұсталған шетел көліктерін республика аумағына тасуға шектеу қою туралы мәлімдемені кезінде Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков жасаған болатын. Осы әңгімені естіген ескі мәшинелерді сатушылар өзара келісіп, бағаны өсіріп жіберген. Ал маусымның 12-нен бастап кеден салығы қымбаттайды екен деген әңгіме тарағанда автокөліктердің құны одан әрі шарықтап кеткен. Ал кедендегілер тек жапон автомобильдеріне бақылау күшейтілгендігін айтып отыр» деп жазды «Аргументы и факты: Казахстан» газеті.

Болашақта Қазақстан басқару рөлі оң жағында орналасқан жапон көліктерін республика аумағына кіргізуге тиым салады екен деген әңгімеге байланысты жапон компаниялары өкілдерінің делегациясы Астанаға келгендігі туралы «Экспресс К» газетінде былайша баяндалыпты: «Жапонияның 12 компаниясының өкілдерінен тұратын делегация Астанаға Қазақстан үкіметін бұл райынан қайтару мақсатында келіпті. Жапонияның ескі көліктерді сату қауымдастығының президенті Сато Хироши мырзаның айтуынша, егер өкімет осындай шектеуден бас тартар болса Қазақстан осы жылдың қазан айына таман күншығыс елінің ескі мәшинелерін сатып алу жағынан әлемде төртінші орынға шығады. Қазір Қазақстан бұл тізімде жетінші сатыда тұр екен. Ресми мәлімет бойынша, өткен жылы ғана республика аумағына 17 мыңға жуық жапон көлігі енгізіліпті» делінген «Экспресс К» газетіндегі мақалада.

Қазақстан секонд-хенд тасу жағынан әлемде алда болғысы келмейтіндігіне «Литер» газеті мән беріпті. «Өкімет жапониядан келген қонақтарға Қазақстан өз автоөндірісін қолға алып жатқандығын жылы сөздермен түсіндіріпті» деп жазылған «Литер» газетінде.

Сонымен бірге аталған басылымда АҚШ долларының құны 15-35 пайызға арзандауы мүмкін екендігі айтылған. Мұндай болжамды Халықаралық валюта қорының сарапшылары жасаған. Мамандар көк қағаздың осылайша құлдырайтын уақытын дәл атамапты. Сарапшылардың пікірінше, доллардың құнсыздануына АҚШ экономикасы дамуындағы тепе-теңдіктің сақталмауы себеп болып отыр. «Қазақстандық сарапшы Мәулен Намазбековтың пікірінше, АҚШ экономикасындағы жағдайдың Қазақстан үшін де ықпалы бар. Дегенмен мұнай базарындағы бағаның анағұрлым тұрақты болуына байланысты доллар қанша құбылмасын, оның орны Қазақстан үшін мұнай бағасының қымбаттауымен толысып отырмақ. Ал көк қағаздың құлдырауы алдағы қыркүйек айында нақты көрініс бермек» деп жазды «Литер» газетіне Мәулен Намазбеков.

Ал «Комсомольская правда: Казахстан» газеті болса Қазақстанда ұлттық ақша - теңгенің ірі купюрларына тапшылық бар екендігіне мән беріпті. «Соған байланысты банктер ұсақ ақшамен жұмыс істеуде. Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің бірінде істейтін Әсел Тынышбекованың айтуынша, Ұлттық банк қомақты қаржыны осымен төртінші апта ұсақ купюрмен беріп отырған. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай күзге таман реттеледі. Өйткені, халық қолындағы қаржысын жаз уақытында көп жаратады» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.
XS
SM
MD
LG