Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.01.2006 жыл


Сейсенбілік баспасөз Солтүстік Қазақстан облысында екі жыл жалақысын алмаған жұмысшылар аштық жарияламақ екендігі туралы жазды. Сонымен бірге газеттер Шымкент қаласында кембағал жандарға арналған 500 отбасылық «Достық» ауылы бой көтеріп жатқандығына мән берсе, тағы бір басылым қазақстандық журналист Борат Сағдиевтің ролін сомдаушы британдық сықақшы Алматыға шақырылғандығы жөнінде баяндаған.

Екі жыл жалақы алмаған жұмысшылар аштық жарияламақ екендігі туралы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданындағы Қарақоға элеваторы - Қазақстанда 1936 жылы салынған ең ескі екі элеватордың бірі. Кеңес үкіметі ыдырағалы бері бұл нысанның оншақты рет иесі ауысыпты. Соңғылары тіпті жұмысшылардың жалақысын төлемей қашуды әдетке айналдырған. Қазір әрбір жұмысшыға элеватор әкімшілігі 150-180 мың теңгеден қарыз. Жалпы, еңбек қарызы қордаланып, 4 миллион теңгеден асып түскен. Еңбек туралы заңға сәйкес, жұмысшылардың түнгі, демалыс күндері атқарған жұмыстары үшін үстемақы төленуі тиіс. Ашынған жұмысшылар наразылық шарасын өткізгенімен, оған жергілікті атқамінерлерден ешкім келмеді. Жауынның астында бірнеше сағат жаурап тұрған жұрт плакаттарын жинап, үйді-үйіне тарасқан. Егер жағдай осылай қала берсе, ертең элеватор алдында аштық жариялаймыз» депті «Айқын» газетінің тілшісіне наразылыққа шыққан жұмысшылар.

Бұл уақытта Шымкент қаласында кембағал жандарға арналған 500 отбасылық «Достық» ауылы салынып жатқандығы «Егемен Қазақстан» газетінде жазылды. ауыл күзге дейін салынып бітіп, тұрғындарға тегін беріледі. Қазір онда «Өркениет» қоры арқылы 68 кәсіпорын және 10 студенттік құрылыс отрядтары жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі күні 22 үйдің төбесі жабылып, ақтау, сырлау, есік-терезелерін орнатумен қатар 73 үйдің дуалы көтеріліп, 41 үйдің іргетасы қаланған. Қала әкімі Өмірзақ Әметұлының айтуынша, «Достық» шағын ауданының құрлысына бюджеттен бір тиын шығын болмаған, ауыл демеушілердің көмегімен бой көтеріп жатыр. Қаладағы мейрамханалар мен дәмханалар құрылысшыларды тамақтандыру жағына қолғабыс етіп жатыр екен. Ауыл ортасынан бала-бақшаның құрылысы басталыпты. Бұл уақытта осы жерден үй алуға өтініш берген кембағалдар тізімі 10 мың адамнан асып түсіпті» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Шымкентте 500 отбасыға тегін ауыл салынып жатқанда Алматы маңындағы Шаңырақ және Бақай ықшам аудандарының тұрғындарының барар жер, басар тауы қалғандығы «Жас Алаш» газетіндегі мақалада айтылыпты. Шағын сараптаманың авторы Әмірхан Меңдекенің пікірінше, аталған ауылдардардың тұрғындары үйлерінен ажыраса, әрі қарай тіршілік ете алмай қалады. «Шаңырақ тұрғыны Тоқболат Төреғали жердің қағазын туралау үшін 1000 доллар бергендігін, үйді тұрғызу үшін тағы 4500 долларға қарызға кіргендігін айтқан. Бұлардың қосалқы үйлері болса, билікпен күреспес те, тірспесте еді» делінген «Жас Алаш» газетіндегі мақалада.

Осы жылы республика бойынша 5 миллион шаршы метрден астам жерге баспана салынатындығы «Казахстанская правда» газетінде айтылған. «Республика бойынша ипетокалық несие арқылы үй алуға 55 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың тек 24 мыңы ипотекалық несие алуға қабілетті екендігі анықталған. Ал жалпы осы уақытқа дейін 25 мың азамат ипотекалық несиеге ие болыпты. Қазақстан бойынша 226 мыңнан астам өтініште жер телімі сұралған» делінген «Казахстанская правда» газетіндегі мақалада.

«Литер» газетінде британдық шоумен Саша Барон Коэн Алматыға шақырылғандығы туралы жазылды. Мақалада алматылық ди-джей Мойше қазақстандық журналист Борат Сағдиевтің ролін сомдаушы британдық сықақшыны «тарихи отанымен» танысу үшін шақырту жібергені айтылған. «Мойше мырза британдық «жерлесінің» Қазақстанға келіп-кетім жолақысын көтеруге де бар. Ал жақында диджей Мойше ұйымдастыратын кеште Саша Коэннің суреті басылған әжетхана қағаздары таратылмақ екен» деп жазды «Литер» газеті.
XS
SM
MD
LG