Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.22.2006 жыл


Сенбілік баспасөз ТМД мемлекет басшылары бұл ұйымды қалай реформалайды екен деген сұраққа жауап іздеген. Сонымен бірге басылымдар Қазақстандағы халық өсімі соңғы бес жылдың ішінде шамамен 23 пайызға өскендігіне назар аударса, тағы бір газетте түрмеден шыққысы келмейтін қазақстандықтар туралы жазылыпты.

Мәскеуде ТМД мемлекет басшыларының бейресми саммиті туралы мақаласында «Егемен Қазақстан» газеті Достастық Мәскеуге қарап бой түзейді деп жазды. «Соңғы жылдары кейбір саясаткерлер ТМД миссиясын орындап болды деген сипаттағы пікірлерін ашық білдіріп жүр. Бұған өткен жылы Түркіменстанның осы ұйымнан шығуын, сондай-ақ Украина мен Грузияның Батысқа деген ұмтылысын алға тартады. ТМД-ға мүше мемлекеттердің бірқатар өзекті мәселелер жөнінде әлі де келісімге келе алмай жатқаны бар» делінген мақалада.

Осы тақырыпқа орай «Айқын» газеті былай деп жазды: «Бұл бейресми басқосу Ресей президенті Владимир Путиннің бастамасы бойынша өтуде. Армения президенті Роберт Кочарян сырқаттанып қалғанына байланысты келе алмаса, Түрікменстан басшысы Сапармұрат Ниязов Каспий жағасында демалып жатқанын сылтау етіп, саммитке келуден бас тартқан көрінеді. Ал осы уақытқа дейін саммитке қатысып қана қоймай, Путинмен жеке кездесу өткізуге тырысып жүрген Грузия президенті Саакашвили белгісіз себептермен Мәскеуге ат басын тіреуді жөн деп таппапты» деп жазды «Айқын» газеті.

ТМД ұйымын реформалау туралы әңгіме бұған дейін де көп айтылғандығына «Литер» газеті мән берген. «Өткен жылы аталған ұйымды жаңартуға қатысты арнайы комиссия құрылған болатын. Алайда Достастықтың жаңаруы туралы нақты ұсыныс енді ғана түсіп отыр. Мәскеудегі бұл жиын ТМД-ға тың серпін берері анық. Өйткені ұйымды реформалауды көздейтін бағдарламаны тәжірибелі реформатор Нұрсұлтан Назарбаев дайындап отыр» деп жазды «Литер» газеті.

«Айқын» газетінің «ТМД-ның толыққанды жұмыс істей алмауының себебі неде?» деген сұрағына саясаттанушы Досым Сәтпаев: «басты себеп – оның құрамына кіргендердің мүддесі әр түрлі болуы кедергі жасады. Олар өз рөлдеріне әр түрлі көзқараспен және формальді түрде қарады. ТМД-ның құрамынан әлі күнге дейін ешқайсысының шығып кетпегені қуантарлық. Егер мұндай жағдай сақталатын болса, осы елдер үшін жақсы болмақ. Алайда ТМД-ның реформасыз болашағы жоқ. Асып кетсе, диалогқа арналған алаңға айналады» деп жауап берген. «Мәжіліс депутаты Амангелді Айталының болжамы бойынша ТМД түбі ыдырайды, ал саясаттанушы Шәріппек Әмірбек аталған ұйымның болашағы зор болады дегенге сенбейді» делінген «Айқын» газетінде.

Бұл уақытта Қазақстандағы көбею деңгейі соңғы бес жылдың ішінде шамамен 23 пайыз болғандығына «Литер» газеті мән беріпті. Қазақстан отбасы дәрігерлері қауымдастығының президенті Дамила Нұғманованың пікірінше, бұл гендерлік саясаттың дұрыс жүргізілуі мен әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты. «Ғалымдардың болжамына қарағанда, алты жылдан соң жер тұрғындары жеті миллиардтан асады. Ал 2030 жылы Қытай халқының саны 1 жарым миллиард болады деген болжам бар» делінген «Литер» газетіндегі мақалада.

Қазақстанда абақтыдан шыққысы келмейтін адамдар бар екендігі туралы «Айқын» газетінде айтылған. Қазақстан тәуелсіздігінің 14 жылдығына орай «Рақымшылық туралы» Жарлыққа сәйкес, арнайы комиссия 211 адамға қатысты «бостандыққа шығуы мүмкін» деген шешім шығарса, оның 59-ы бірден босатылды. Бір айта кетерлігі, аталған адамдардың біреуі түрмеден шығудан бас тартса, мерзімі қысқартылғандардың 12-сі мұндай шешімге қарсы екендіктерін білдірген. «Осыған орай Әділет полковнигі Мәжіт Нұртазин олардың рақымшылық шарасына қарсы екендігін адам өмірінде бір-ақ рет жасалатын рақымшылықтың келесі жолы шалыс басса, екінші рет қолданылмайтындығымен түсіндірді. Демек, олар түрмеге қайта түспесіне сенімсіз. Мәселен, республика бойынша бұған дейін жасалған ізгілендіру саясаты негізінде рақымшылық жасалғандардың 49-ы «үйренген үйіріне» қайта оралған» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG