Accessibility links

Қазақстандық банкир ақша ұрлаған деген күдікпен тұтқындалды


Қазақстандағы «Валют-Транзит-банкі» акционерлік қоғамының басшысы үлкен көлемде қаржы ұрлаған деген күдікпен қамауға алынды. Осы қылмысқа қатыса бар деген күдікпен аталған банктің тағы бір қызметкеріне іздеу жарияланған.

«Валют-транзит-банкі» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы қызметін атқарып келген Аян Күшіков Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылып, қамауға алынғаны туралы «Азаттық» радиосына бейсенбі күні Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Базарбек Құлтаев хабарлады. Оның айтуынша, 200 млн теңгеден астам көлемде қаржы ұрлаған деген күдікпен аталған банктің екі қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

- «Валют-Транзит-Банк» акционерлік қоғамы әкімшілігінен облыстық ішкі істер департаментіне банк қызметкері екі мөрді ұрлағаны туралы арыз осы жылдың наурыз айында түскен. Осы арыз бойынша департаменттің тергеу басқармасы қылмыстық кодекстің 324 бабы бойынша «құжаттарды, мөрлерді, мөртабандарды ұрлау немесе бүлдіруге» қатысты қылмыстық іс қозғады. Күдікті адам наурыз-сәуір айлары аралығында «Валют-Транзит-Банкінің» қазына басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып келген. Осы қылмыстық істі тергеу барысында департаменттің тергеу басқармасы осыған қатысы бар тағы бір қылмыстық істің басын ашты. Яғни, енді әлгі күдікті 2006 жылғы ақпан-наурыз айларында «Валют-Транзит Банк» АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарған Аян Күшіковпен бірлесіп 207 млн 873 мың теңге көлемінде банк қаражатын ұрлаған деген күдікке ілігіп отыр. Осындай заңсыздық анықталған соң екі қылмыстық іс біріктіріліп, банктің аталған екі қызметкеріне қарсы Қылмыстық кодекстің «үлкен көлемдегі алаяқтық» туралы бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды, - деді департаменттің баспасөз хатшысы Базарбек Құлтаев.

Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған Қарағанды қаласының 33 жастағы тұрғыны Аян Күшіков қамауға алынған. Ал 33 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Алексей Щербаковтың қайда екені белгісіз болуына байланысты оған іздеу жарияланды, деді Базарбек Құлтаев.

Қазіргі таңда «Валют-Транзит-Банкінің» Қазақстан бойынша 17 филиалы жұмыс істейді. Бүгінгі күні аталған банк 700 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп отыр.
XS
SM
MD
LG