Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.19.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз Қазақстанда демікпе ауруына шалдыққан балалар саны ресми деректен екі жүз есе көп екендігі туралы жазды. Сонымен бірге басылымдардың бірі «Отан» партиясы саяси бюросының мүшесі Өмірзақ Сәрсеновтың телеарнадан «Оралмандар - опасыздар» деп айтқанына наразылығын білдірсе, тағы бір газет Арал теңізінде балық қырылып жатқандығына мән берген.

Маусымның 12-күні «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Көктөбедегі кездесу» бағдарламасына қатысқан «Отан» партиясы саяси бюросының мүшесі Өмірзақ Сәрсенов «оралмандар -опасыздар» деп айтқандығы туралы мақала «Алтын орда» газетінде жарық көрді. Мақала авторы - 1991 жылы Қазақстанға Моңғолиядан қоныс аударған оралман Тұрсын Қаптағай былай деп жазған: «сұхбатты жүргізуші Жүрсін Ерманның «Оралман деген төртінші жүз бе?» деген сұрағына Ө.Сәрсенов: «Оралмандар кеше Отанын сатқан қашқындар. Байдың тұқымдары, жазалау керек. Олар қазір келіп жатыр. Біз адалмыз, ешқайда қашқан жоқпыз. Оларға Үкіметтен қаржы бермеу керек...» деп шала бүлінді. Ө.Сәрсенов Қазақстандағы бірден-бір көшбасшы партия «Отанның» халық алдындағы үлкен беделіне көлеңке түсер деген жауапкершілікті сезінбегені түйсіксіз», деп жазады мақала авторы.

Қазақстандық басылымдар Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ-инфекциясының жаппай таралуын жіті бақылап отыр. Аталған аумақта соңғы он жылдың ішінде 28 донордан ВИЧ инфекциясы табылғандығын «Экспресс К» газеті жазды. Ал соның 27-сі қан тапсыру орталығына алғаш рет бас сұққан болып отыр. Ал біреуі қан тапсырумен үнемі айналысатын адам екен. Оның қазіргі күнге дейін 12 мәрте қан өткізгені анықталып отыр. Осы мәліметке түсініктеме берген облыстық СПИД-пен күрес орталығындағылар ВИЧ-инфекциясы табылған 27 донордың қаны сол мезетінде жойылса, осындай кеселі бар екенін білмей, бірнеше мәрте қан тапсырған донордың ауыратындығы өткен жылдың жылдың аяғында анықталған» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Ал демікпе ауруының балалар арасында таралуы ресми деректен екі жүз есе артық екендігіне «Литер» газеті мән берген. Қазақстан отбасы дәрігерлер қауымдастығының президенті Дамила Нұғманованың айтуынша, дәрігерлер науқастарға «демікпе» диагнозын қоюдан сескенеді. «Шілденің 24-күні Қазақстанда демікпе ауруын анықтауға арналған онкүндік басталады. Дәрігерлер бірінші сыныпқа барғалы отырған балаларды тексеруден өткізбек» деп жазды «Литер» газеті.

Қазақстандағы қоғамдық автобус көліктерінің жұмысында тоғыз мыңнан астам заң бұзу оқиғалары арнайы жүргізілген «Автобус» операциясы барысында анықталғандығы «Аргументы и факты: Казахстан» газетінде айтылды. «Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің бірнеше күнге созылған акциясы барысында 17 мыңнан астам автобус тексеріліп, солардың жартысынан астамының жұмысында заңсыздық бары белгілі болды. Ал 296 автобустың қоғамдық тасымалға жарамсыз екені анықталып отыр. Сонымен бірге көлік жүргізушілерінің жұмыс барысында жол ережелерін бұзатындары тізімге алынған» делінген «Аргументы и факты: Казахстан» газетіндегі мақалада.

«Айқын» газеті Арал теңізінде балық қырылып жатқандығына назар аударыпты. «Былтырғы жылдың күзінде Көкарал бөгеті толық салынып бітіп, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жұмыстары қайтадан қолға алынған болатын. Осы маңайдан ауланған балықтың мөлшері биыл 1300 тоннаға жетіп отыр. Су мамандары жобалағандай, айдынның аумағы алдағы бес-алты жылдың ішінде емес, алғашқы жеті айдың аралығында-ақ суға шүпілдеп толып қалды. Осыған орай мөлшердегіден көп суды ұстап қалу қиын болғандықтан, біраздан бері мұндағы мамандар Көкарал бөгетіндегі артық суды түстіктегі Үлкен теңізге қарай жөңкілтіп, жіберіп келеді. Ең үлкен мәселе - сол сумен бірге еңістегі терең суға дариямен келген сазан, алабұға секілді өзен бойын жайлайтын балықтардың кетіп жатуында болып отыр» делінген мақалада. «Бір өкініштісі, осы су бөгетінің құрылысын жобалаушылар кезінде оның қақпалары арқылы өтетін судың жолына балықты ұстап қалатын сүзгілер қондыруды ұмытып кетіпті. Аймақ басшысы мердігерлерге бұл мәселеге байланысты талап қойылып, олардың жуық арада бөгеттің алдына жарты шақырымдық темір тор орнатқалы жатқанын айтты. Жағдай содан кейін түзелмесе, әзірге қырылып жатқан балықта есеп жоқ» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG