Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.18.2006 жыл


Сейсенбілік баспасөз Оңтүстік Қазақстан облысында жаппай ВИЧ инфекциясын жұқтыру оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы жазды. Сонымен бірге кейбір басылымдар Шаңырақ тұрғындарының шілденің 14-күнгі полициямен қақтығысын 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына ұқсатса, газеттердің тағы бірінде 1999 жылғы сайлау кезінде қазіргі Әділет министрі Зағипа Балиеваның баласына қастандық ұйымдастырылғандығы туралы іс-қағаздары жоғалып кеткендігіне мән берген.

Шілденің 14-күнгі Шаңырақ ауылында болған оқиға «Жас Алаш» газетінің тілшісі Ерік Рахымға осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстанда болған көтерілісті еске түсіреді екен. «Шаңырақтағы шайқас және Желтоқсан» атты бағанамен басталатын мақалада автор «Шаңырақтағы оқиға есімізге еріксіз Желтоқсан оқиғасын түсірді. Ия, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын... Онда да өрт сөндіргіш мәшине өртелген-ді. Мұнда-да..» деп жазыпты автор. «Шілденің 17-күні «Шаңырақ» ықшам ауданында өткен жұма күнгі оқиғаға байланысты баспасөз мәслихаты болды. Онда тұрғындар «Шаңырақтағы» оқиғаға Алматы қаласының әкімі И.Тасмағамбетов пен Ішкі істер министрі Б.Мұхамеджанов кінәлі» деп ашық айтты. Ал жексенбі күні «Қалқаман» ықшамауданының тұрғындары бас қосып, Алматы қалалық әкімшілігіне өз наразылықтарын білдірді. Наразылықтың басты себебі – «Қалқаман» және «Достық» ықшамаудандарындағы мыңнан астам үй бұзылып, орнына «Қарғалы сити» деп аталатын қалашық салынады екен...» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

Ал «Литер» газеті болса Шаңырақтағы мәселе дәл осындай жағдайға тап болған «Қалқаман» ауданы тұрғындары секілді реттелуі керек екендігін жазған. «Қалқамандықтар өз мәселесін заңгер жалдай отырып, сот арқылы шешкен еді» делінген мақалада. «Литер» газетінің тілшісі Асқар Жалдинов, «Шаңырақ» ықшамауданындағы жағдай алдын-ала жоспарланған арандатушылық деген өз пікірін жазған. «Сот орындаушыларының басу айтуына қарамастан тұрғындар шенеуніктер мен полицияны таспен атқылауға талпынды» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Жас Алаштағы» мақалада Шаңырақтағы қақтығыс басталмай тұрғанда қарттар мен көп балалы аналар келіссөзге дайындалып, әке-шешесіне қол көтермейтін шығар деген үміті болғанын жазады. Бірақ, «сол мезетте көшенің екі басынан полицияның шабуылы басталды» делінген мақалада.

Сонымен бірге басылымдар Оңтүстік Қазақстан облысында жас балалардың жаппай ВИЧ инфекциясын жұқтыру оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалғанына мән берген. «Облыс халқы ВИЧ жұқпалы ауруына шалдыққан 14 сәби туралы хабарды естігелі дүрлігіп отыр. Әсіресе, босанған және ай-күні жетіп қалған аналар қатты алаңдаулы» деп жазды «Айқын» газеті. «Мұндай кезде тиісті орындар дер мезетінде шұғыл жұмыс істеп, жұртшылықты дәйекті фактілермен таныстырса мұндай айқай-шу мен алаңдаушылық болмас еді. Алайда олардың әрқайсысы өз пікірін дәлелдеп әлектеніп келеді. Денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары қан құю орталығына сілтесе, қан құю орталығы 91 донордың тексеруден өтетінін, олардың анализінде ешқандай ауытқушылықтың жоқтығын айтуда. Ал келесі тарап сегіз баланың анасының нашақор екендігін алға тартып, кінәні соларға жаба салмақшы. Бірақ арнайы тексеру олардың СПИД-тен аман екенін дәлелдеді» делінген «Айқын» тілшісінің мақаласында.

«ВИЧ инфекциясын жаппай жұқтыру оқиғасына байланысты құрылған комиссия ортақ тұжырымға келген жоқ» деп жауап берді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мұқан Сағындықов «Экспресс К» газетінің сауалына. «Қазіргі таңда облыста осы мәселеге қатысты құрылған тағы екі комиссия жұмыс жасап жатыр. Оның бірі мемлекеттік санэпидембақылау департаментінің директоры шешімімен құрылса, екіншісі облыс әкімінің нұсқауымен жұмыс жасауда» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Ал «Мегаполис» апталық басылымы Әділет министрі Зағипа Балиеваның баласына 1999 жылғы сайлау науқаны кезінде қастандық ұйымдастырылғаны туралы іс әлі күнге дейін ашылмағандығына назар аударған. «Бұл оқиғаны министрдің өзі жеті жыл бойы жасырып келген. Ол туралы тек Зағипа Бәлиеваның жақындары мен он күн бойы үйін қарауылдаған полиция ғана білген» делінген мақалада. Газет мақаласына сенсек, Зағипа Балиева Орталық сайлау комиссиясын басқарып тұрған 1999-шы жылы бетін тұмшалаған біреулер қазіргі министрдің баласын көпшілік арасынан бөлектеп алып кетуге талпынған. «Бір қызығы, арада жеті жыл өткен соң Астаналық департамент осы іске қатысты қағаздарды таппай отыр. Әділет министрі Зағипа Балиева енді түскен арыз-шағымдардың бірін қалдырмай тіркеп отыруды тапсырған» деп жазды «Мегаполис» газеті.
XS
SM
MD
LG