Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.13.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз жыл басынан бері жалақы алмаған Петропавл әуежайының қызметкерлері өкіметке наразы екендігі туралы жазды. Сонымен бірге басылымдар қамаудағы адамдар саны жөнінен Қазақстан әлем бойынша 35-ші мемлекет екендігіне мән берсе, тағы бір газеттер президент Н.Назарбаевтың АҚШ-қа сапарында не мәселе қаралады деген сұраққа жауап іздеген.

Петропавл қаласындағы халықаралық әуежайдың жұзден астам қызметкері жыл басынан бері айлық алмағандығы туралы «Время» газетінде айтылған. Мамырдың 12-күні жұмысшылар баспасөз мәслихатын өткізіп, ақпарат құралдары өкілдеріне әуежайда қалыптасқан жағдайды баяндап берген. «Шыдамның да шегі бар екендігін ескерткен әуежай қызметкерлері наразылық шеруін өткізуге компания басшылығы тарапынан тиым салынғандығын жеткізді. Наразылық шеруін шектейтін заң бар да, жалақыны төлемейтіндерге қарсы заңның жоқ болғандығы ма, дейді әуежай жүргізушісі Леонид Прайс. Оның айтуынша, қызметкерлер бірнеше мәрте құзырлы орындарға шағым түсіріп көрген. Бірақ ешқандай нәтижесі болмапты. Тағы бір анықталған жайт, қызметкерлердің зейнетақы қорына өткен жылдың тамыз айынан бері бір тиын түспеген. Ал аталған қорға тиесілі қаржы жалақыдан ұсталып отырған. Петропавл халықаралық әуежайы акционерлік қоғамының президенті Виктор Шевелев біздің сұрағымызға жауап беруден бас тартты» деп жазды «Время» газеті.

Баспасөзде кеңінен қозғалып жүрген тақырыптың бірі – президент Н.Назарбаевтың АҚШ-қа биыл күзге жоспарланған сапары. Осыған орай «Жас Алаш» газеті президенттің АҚШ-қа ат ізін салмағанына биыл бақандай бес жыл болғандығын жазды. «Соңғы сапар АҚШ-тың Ауғанстанда билік басында отырған тәліптерге, сосын Иракқа қарсы әскери жорығына қолдау табу үшін жанталасып, халықаралық коалиция құрған кезімен тұспа-тұс келді» делінген мақалада. «Вашингтонның осы 5 жыл ішінде орта жолда іркіліп қалған саяси реформаларға, сайлаулардың ашық әрі таза өтпейтініне, сөз бостандығының аясы тарылып кетуіне қатысты Астанаға салмағы ауырлау сын-ескертпелер жасап жүргені тағы бар. Десе де, АҚШ-тың Қазақстанға қатысты саясатына түзетулер енгізгені байқалады. Әсіресе, Вашингтон ресми Ташкентпен ат құйрығын кесіскеннен кейін» деп жазды «Жас Алаш».

Өткен жылдың күзінен бастап Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда сапарда болған лауазымды тұлғалар легін әлемдік саясатшылар «америкалық» деп атағандығын «Литер» газеті келтірді. «Аталған мерзімнен бері Қазақстанға келгендер арасында АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон, америкалық дипломат Генри Киссинджер, қазіргі мемлекеттік хатшы Кондолиза Райс бар. «Америкалық шерудің» жалғасы ретінде осы жылдың мамыр айында АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейни Астанада болып қайтты» делінген «Литер» газетінде басылған мақалада.

Бұл уақытта «Kaz RATІNG» ұлттық агенттігі пен «Литер-Медиа» компаниясы Қазақстанның мемлекет қайраткерлерінің маусым айындағы рейтингін жариялады. «Айқын» газетіне басылған мақалада рейтингтің лидері болып Президент Әкімшілігінің басшысы, жақында «Самұрық» холдинг компаниясының Үкімет тарапынан қадағалаушысы болған Әділбек Жақсыбеков танылғандығы айтылған. Өткен айдың бас саяси менеджері ретінде, сарапшылар Мәулен Әшімбаевты таныды. Үкімет басындағылар премьер-министр Даниал Ахметов пен вице-премьер Кәрім Мәсімов осы айдың қорытындысы бойынша, тең көрсеткішке ие болып отыр. Қазір Үкіметтің ішінде болып жатқан барлық қарама-қайшылықтар Ахметов пен Мәсімовтың ара салмағы бойынша сараланатын көрінеді. «Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың «бал айы» аяқталды десе де болғандай. БАҚ заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу барлық кезеңде жанға жайлы тиген емес. Ең бастысы, «Қазақстан» телеарнасы басшылығын ауыстырудан кейінгі дағдарыстан соң министр үзіліс жасаудан бас тартты. Соның салдарынан министрдің рейтингісі күрт төмендеді, БАҚ-тағы талқылаулар тек жағымсыз жақтарға толы. Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов ықпалдылар рейтингісінің басында тұр. «Бақай» мен «Шаңырақ» ықшам аудандарындағы қалалық биліктің әрекетіне байланысты қоғамдық ұйымдар тарапынан тағылған сындарға қарамастан, Тасмағамбетовтың ақпарат құралдарында талқылануы жағымды факторға ие» делінген «Айқын» газетіндегі мақалада.

Ал әлемдік рейтинг бойынша түрмедегілердің саны жөнінен Қазақстан 35 мемлекет екендігі «Известия» газетінде жазылды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан өткен жылы 25-ші орында тұрса, осыдан жеті жыл бұрын үшінші сатыға орналасқан еді. «Ол кезде темір тордың арғы жағындағылардың саны 80 мыңға жуықтайтын. Қазіргі таңда рақымшылық жариялау нәтижесінде қамаудағылар екі есеге дейін азайтылды. Мерекелерге сәйкес алты мәрте жарияланған рақымшылықтан 34 мыңнан астам азамат түрмелерден босап шыққан. Ал 164 адам рақымшылықтан өз еркімен бас тартқан. Қазіргі таңда Қазақстан түрмелерінде 41 мың 505 адам отыр. Олардың 80 пайызы ауыр қылмыспен жазаға тартылғандар» деп жазды «Известия» газеті.
XS
SM
MD
LG