Accessibility links

Ресей билігі чешен сепаратистерінің лидері Ш.Басаевтың қаза болғанын хабарлады


Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Николай Патрушевтің мәлімдеуінше, Ресейде көп жылдан бері іздеу жарияланған Шәміл Басаевтың көзі жойылды. Н.Патрушев президент В.Путинге ресейлік арнайы бөлімнің чешен сепаратистерінің қолбасшысы Ш.Басаевты дүйсенбі күні таңертең Ингушетияда өлтіргенін баяндады. Ресей президенті Ш.Басаевтың қазасын 1995-інші жылғы Буденовск қаласында халықты кепілдікке басып алғаны және 2004-інші жылғы Беслан мектебіне шабуылы жасағаны үшін “тиесілі жазасын алды” деп бағалады. Кремльдің қолдауына сүйенетін Чешенстан президенті Алу Алханов Ш.Басаевтың өлімін Чешенстандағы лаңкестікке қарсы күрестің іс жүзіндегі қорытындысы болып табылады деп бағалады.

Дегенмен де, Шәміл Басаевтың қазасы – чешендердің қарсылық күресіне деген Ресейдің қауіпсіздік күштерінің ең ауыр соққысы болды. Іс жүзінде Ш.Басаев – чешен бүлігінің бірден-бір тұлғасына айналған еді. Оның қазасы чешен сепаратистерін өздерінің ең табанды да әсірешіл өкілінсіз және де символынсыз қалдырды. Дүйсенбі күні Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Николай Патрушев ол жайында президент В.Путинге есеп берді.

“Ингушетияда лаңкестік қастандықты ұйымдастырып, жүзеге асырмақ болған Шәміл Басаевтың, сондай-ақ бір топ қарақшының көзі жойылды”, - деп мәлімдеді Н.Патрушев.

Ш.Басаев - чешен жұртының көпшілігіне 1-інші “Чешен соғысы” басталған 1994-інші жылдан бері қарай ешкімге бағынбайтын, ешқашан қолға түспейтін және Ресей үкіметін күлкі-мазақ еткен қайсар, қайтпас ер болып көрінді. Ал орыстар үшін ол – 331 адамның, оның ішінде қаншама мектеп оқушысы құрбан болған Беслан мектебін басып алған шабуылды өз мойнына алған ең жауыз және лаңкестіктің ең жеккөрінішті бейнесіне айналды. Ш.Басаевтың қазасын қуанышпен қабылдауына қарамастан, Ресей президенті В.Путин лаңкестіктен әлі де болса зор қауіп-қатердің төніп тұрғанын атап көрсетті.

“...Лаңкестіктен төнген қатердің әлі де зор екенін Сіз бен біз жақсы білеміз. Сондықтан да осы бағыттағы шұғыл іс-қимылды баяулатпай, керісінше оны күшейте беру керек және осы мақсаттағы іс-қимылға екпін берген дұрыс”, - деп мәлімдеді В.Путин.

Ш.Басаев не “Беслан трагедиясы” үшін, не болмаса өзі бастаған 150 сепаратистің Ресейдің оңтүстігіндегі Буденовск қаласының ауруханасын басып алып, мыңдаған адамды кепілдікте ұстаған 1995-інші жылғы шабуылы үшін де ешқандай кешірім сұраған жоқ. Сол 1995-інші жылы ол өз жігіттерінің Чешенстанға қарай кейін шегінуі жөнінде Кремльді бопсалап көндіріп, содан бері ресми Мәскеу оған қатты ыза болатын. Оған қоса 2002-нші жылы Ш.Басаев Мәскеудің “Дубровкадағы театрын” басып алған шабуылды да өз жауапкершілігіне алды. Ол қастандықтың салдарынан 129 адам құрбан болды. Бұл әрекетін ол Ресей халқына соғыстың не екенін көзіне көрсету деп сипаттады. Ш.Басаевтың мәлімдеуінше, оның өзі мен қарулы жігіттерінің істеген “істері” - Ресейдің қарулы күштерінің өткен 10 жылда чешен халқына қылған әрекеттерінен еш артық емес. Ресейдің соғыс ұшақтары оның туған Ведено ауылын бомбалаған кезде, оның туған отбасынан 11 жан құрбан болды.

Шәміл Басаев 1965-інші жылдың қаңтарында дүниеге келгенде, ата-анасы оған 19-ыншы ғасырдың орта тұсында бүкіл Солтүстік Кавказ халықтарын Ресей басқыншылығына қарсы бастаған атақты қолбасшы әрі имам Шәмілдің есімін берді.

Ресей әскері Чешенстанға басып кірген 1994-інші жылы Шәміл Басаев өзін чешен қарсылығының ең дарынды да өжет қолбасшы ретінде танытты. Әйтсе де оның аты өзі мен бүкіл чешен сепаратистерінің қолбасшысы Аслан Масхадов орыс әскерін Грозныйды тастап шығуға мәжбүр еткен 1996-ншы жылы кең танылды.

Ақыр аяғында Ш.Басаев орыстарды жалғыз Чешенстаннан емес, бүкіл Солтүстік Кавказ аймағынан ығыстырып шығаруды мақсат етті. Бұл мақсатынан ол бір аяғынан айрылғаннан кейін де бас тартқан жоқ. Өткен айда Ресейдің қауіпсіздік күштері чешен сепаратистерінің лидері Абдул-Халим Садуллаевтың көзін жойған кезде, Кремль сепаратистерді “көсемсіз қалдырдық” деп санады. Бірақ ол кезде Ш.Басаевтың әлі көзі тірі болатын. Ал енді оның орыстардың қолынан қаза болуы – чешен сепаратистерін ең үлкен дағдарысқа ұрындырды.

Ш.Басаевтың өлімін әлемнің жетекші елдері лидерлерінің қалай қабылдағанына келсек, әлем лидерлері онша көп сыр білдірмеді. Дүйсенбі күні АҚШ президенті Дж.Буштың әкімшілігінен ғана қысқаша түсінік берілді. Осы күні Ақ үйдің ресми өкілі Тони Сноудың атап көрсеткеніндей, АҚШ үкіметі Ш.Басаевтың қаза болғанын растай алмайды, бірақ Дж.Буштың әкімшілігі оған деген ресми Мәскеудің көзқарасына қосылады. Т.Сноу сөзбе-сөз:

“Ол лаңкес болатын. Ол – 2004-інші жылғы Беслан мектебіне шабуылды қоса алғанда, көптеген лаңкестік шабуылды өз жауапкершілігіне алды”, - деп мәлімдеді.

Егер Ресей президенті В.Путин Ш.Басаевтың қазасын Буденовск пен Беслан мектебіне жасаған шабуылдары үшін “тиесілі жазасын алды” деп бағалаған болса, Тони Сноу ондай сөзді қолданған жоқ, бірақ ол халықаралық қоғамның, оның ішінде АҚШ басшылығының ресми құжатында және БҰҰ-ының Қарарында Ш.Басаевтың “лаңкес” ретінде көрсетілгенін атап көрсетті.

Чешенстандағы соғыстың барысында шамамен 250 мың адам құрбан болды.
XS
SM
MD
LG