Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.21.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз Қазақстандағы 37 мектеп «баспанасыз» екендігін, ал Солтүстік Қазақстан облысында зағиптар оқитын мектеп жоқтығын жазды. Сонымен бірге ақпарат құралдарының бірінде А. Сәрсенбайұлы және оның көмекшілерінің өліміне қатысты сотты бақылап отырған журналистердің Әділет министрі Зағипа Балиеваға жазған шағым хаты басылған.

Белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне қатысты Талдықорған қаласында өтіп жатқан сотты бақылап отырған журналистердің жұмыс істеуіне кедергі көп екендігі Әділет министрі Зағипа Балиеваның атына жазылған хатта айтылды. «Zonakz» тәуелсіз интернет сайтында басылған бұл хатта қазақстандық бірқатар ақпарат құралдарының өкілдері соттың ашық түрде өтіп жатқандығына күмән келтіре отырып, бірнеше сұраққа жауап беруін өтінген. Мәселен «журналистерге жұмысына қашан жағдай жасалады?» немесе «фото және бейне түсірілімге қашан рұқсат беріледі?», сол секілді «сот барысындағы әңгімені сөзбе-сөз қағазға түсіріп алатын жағдай бізге жасала ма?» деген сияқты көптеген сұрақтарды журналистер қауымы Әділет министрі Зағипа Балиеваның атына жолдаған.

Бұдан бөлек ақпарат құралдары оқу маусымының аяқталуына мән беруде. Ал «Аргументы и факты: Казахстан» газеті Солтүстік Қазақстан облысында зағиптар оқитын мектептің жоқтығына назар аударған. Солтүстік тұрғында үшін мұндай арнайы мектептің ең жақыны Қарағанды қаласында орналасқан. Оның өзінде бұл мектепте оқу қиынның-қиыны – орын жоқ. Осылайша солтүстік қазақстандықтар өзінің білім алуға деген конституциялық құқығын жүзеге асыра алмай отыр. Мұндағы зағип балалар мектепке бармайды, көпшілік ата-аналар балаларына мұғалім жалдайды. Алайда мұнда зағиптарға арналған Брайл әліппесін белетін мұғалім жоқ» деп жазды «Аргументы и факты: Казахстан» газеті.

«Қазақстанда маман жұмысшылар даярлауға байланысты аса күрделі проблеманың түйіні шешілер емес» деп жазды «Алтын орда» газеті. Республикада бүгінде техникалық және қызмет көрсету саласы кадрларын даярлайтын 312 кәсіптік мектепте 105 мың жас оқиды. Мәселенің тығырыққа келіп тірелуінің негізгі себебі – материалдық-техникалық базаның төмендігі. Мәселен, мемлекеттік деп саналатын 280 кәсчіптік мектептің 37-сінің тұрақтиы мекен-жайы жоқ, әкімшілік пен жергілікті қалталылардың талан-таражынан қалған кез-келген бұрышқа парта, тақталарын сүйреп апарып оқып жатыр» делінген мақалада. Ал оның жартысына жуығының өз еншісінде жатақханасы жоқ. өндірістік шеберханалардағы құрал-жабдықтардың әбден тозығы жеткен, қаусап тұр» деп жазды «Алтын орда» газеті.

Жас жеткіншектердің бос уақытын пайдалы іске жұмсайтын орындардың аз болуы есірткі тұтынушылар мен қылымтың өсуіне әкеп соқтыратындығын «Известие: Казахстан» газеті ескертеді. Мысалы, соңғы он жылда балалар лагерлерінің саны он есеге қысқарған. – 1978 жылы лагерлер үш мыңға жуық болса, қазіргі таңда Қазақстанда 266 лагерь жұмыс істеп тұр. Соңғы үш жылдың ішінде мектептен тыс үйірмелерге қатысушылар саны елу мыңға қысқарған» делінген «Известие: Казахстан» газетінде басылған мақалада.

Бұл уақытта Астанадағы Бәйтерек кешені жанында үш мыңға жуық түлек «Алтын белгіге» ие болғандығын «Экспресс К» газеті жазды. Ал оның алпысы айрықша аттестаттарын Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімованың қолынан алу бақытына ие болды. Павлодарлық «алтын белгі» иегерлері болса облыстық әкімшілік тарапынан сыйлық ретінде компьютер алды» деп жазды «Экспресс К».

«Биылғы жылы «Алтын белгі» иегерлеріне Жоғарғы оқу орындарына түсу үшін конкурстық сынақ жекелеген мерзімге белгіленіп отыр» деп жазды «Алтын орда» газеті. Мемлекеттік білім беру гранттарына ие болу конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау шілденің 22-31 аралығында жүреді. Биылғы оқу жылына бөлініп отырған грант саны – 32490. Өткен жылмен салыстырғанда 1280 грантқа көбейген. Мамандардың айтуынша, биылғы жылы да экономика және заңгер мамандықтарына таласатындар көп болатын секілді» деп жазды «Алтын Орда» газеті.
XS
SM
MD
LG