Accessibility links

Газ бағасының қымбаттауы Ресей мен Беларусь арасындағы қатынасты бұзуы мүмкін


Соңғы 10 жылдан көп уақыттан бері Ресей мен Александр Лукашенко бастаған Беларусияның арасындағы қарым-қатынас айқын болып келді. Мәскеу Минскіні арзан газбен қамтамасыз етіп келсе, өз кезегінде Минск оның жақын саяси одақтасы болды. Тіпті одақтас мемлекет құру арқылы екі жақты одан да жақындастыру қадамдары да жасалды. Бірақ ол экономикалық және әскери ынтымақтастық нышандары басымырақ саяси одақ болатын. Алайда ГазПром компаниясының Беларуссия сатып алатын табиғи газдың бағасын көтеру жоспары Мәскеу мен Минскінің осы қарым-қатынасын бұзып, мемлекеттің кең әлеуметтік қамсыздандыру саясатына қатер төндіріп, А.Лукашенконың билік басындағы беделін түсіруі әбден мүмкін. Ресей жағымен келіссөз өткізу үшін Мәскеуде жүрген Беларуссияның энергетика саласының шенеунектерімен біздің тілшіміз кездескен болатын.

Авторитарлық саясат ұстанған Беларуссия президенті А.Лукашенконың елдегі экономикалық тұрақтылықты және халықтың әлеуметтік қауіпсіздігін нығайтуға уәде беруімен үшінші мерзімге қайта сайлануынан екі-ақ апта өтіп үлгерді. Дәл сол кезде Ресейдің ГазПром компаниясы Беларуссияның өзі сатып алатын табиғи газы үшін Еуропаның нарыз стандарттары бойынша, яғни бұрынғы бағасынан 3 есе артық төлейтін уақыты келгенін мәлімдеді. Бұл – ГазПром-ның ТМД кеңістігіндегі өзге көрші елдерге жасағандай қатаң ескертуі болды. Беларуссияға жасаған бұл ескертуінің, әрине, өзгелерден ерекшелігі бар. Нақты айтқанда, ГазПром Грузия мен Украинаға және Молдоваға сататын газының бастапқы бағасын көтергенде, онысы аталған елдердің Батысқа бет бұрған саясаты үшін Кремльдің қолданған “жазасы” деп қабылданды. Осы елдерге қарағанда Беларуссия Мәскеуге адал – оның жақын одақтасы болып табылады. 1000 текше метр Ресей газы үшін 110 доллар төлейтін Грузия мен Молдаваға қарағанда Минскі 47 доллар ғана төлеп келеді. Бұл бағаны барша жұртшылық Беларуссияның берік одағы үшін “сый-сияпат” ретінде қабылдады.

Ал енді не болып қалды, не өзгерді?

“Менің ойымша, Мәскеу қарымтаға ештеңе талап етпей Беларуссияны демеуден біршама шаршаған тәрізді. Енді А.Лукашенкоға Ресейдің субсидиялары арқылы оның елдегі әлеуметтік моделін сақтап отырған шексіз жалғаса бермейтінін сездіргісі келеді, яғни ондай жағдай - ерте ме, кеш пе, аяқталады”, -деп санайды Федор Лукьянов.

Федор Лукьянов – Мәскеуде басылып шығатын “Ғаламдық істердегі Ресей” ("Russia in Global Affairs") атты журналын бас редакторы. Ф.Лукьянов пен басқа да сарапшылардың пікірінше, Беларуссияға беретін газының бағасын өсіруді жоспарлаған ГазПромның түпкілікті мақсат-мүддесі – Батыс Еуропаға қарай тартылған газ құбырларын өзінің басқаруына алу және барған сайын еңсесін көтеріп, етек-жеңін жия бастаған Ресейдің Минскімен арадағы қарым-қатынасын өзгерту болып отыр. Кремль мен ГазПром Лукашенконың алдына: “Беларуссияның барлық газ құбырын қадағалайтын оператор және толығымен мемлекет меншігіне қарайтын БелТрансГаз компаниясының 50 пайыздық үлесін сат, не болмаса көгілдір отынға Батыс Еуропаның бағасын төле” дегендей өте қиын шарт қойып отыр.

Минскідегі тәуелсіз Саяси сараптама стратегиясы Орталығының сарапшысы Валерий Карбалевичтің пікірінше, БелТрансГаз компаниясындағы үлесін сату Лукашенко үшін өте тиімсіз. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында ол:

“Лукашенко үшін мемлекет меншігінің бір бөлігін, бөлік болғанда, өте маңызды бөлігін сату – ол өте маңызды мәселе - экономиканы уысынан шығарып алумен пара-пар. Ал ол үшін экономиканы бақылауында ұстау – қоғамды уысында ұстау болып табылады”, -деп атап көрсетті.

Алайда егер А.Лукашенко БелТрансГаздың 50 пайыздық үлесін сатудан бас тартса, онда елдің әлеуметтік саласы орыстардың демеуінен айрылуы мүмкін. Беларуссияның А.Лукашенко сақтап қалған қазіргі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі оны билік басында сақтап тұр, демек ол жүйе күйресе, онда А.Лукашенконың қазіргі абырой-беделімен қоса билігі де құлауы мүмкін.

Валерий Карбалевичтің айтуынша, қатардағы беларусь отбасы тұтынған газы үшін қазір шамамен 30 доллар төлеп отыр. Егер ГазПром газдың бағасын өсіретін болса, онда Беларуссия үкіметі не халық тұтынатын газдың бағасын көтеруге, не салықты өсіруге мәжбүр болады. Қалай болғанда да беларусь экономикасы тығырыққа тіреледі және онымен бірге А.Лукашенконың беделі де құлдырайды.

“Соңғы президент сайлауы А.Лукашенконы оның елдегі тұрмыс-тіршілікті белгілі бір деңгейде ұстап тұра алу қабылеті үшін ғана қолдайтынын айқындап берді. Халықтың тең жартысы тіршіліктің осы деңгейін өзі үшін жеткілікті деп санайды. А.Лукашенко міне осы міндетін орындай алмаған күнде, оның беделі сөзсіз құлайды”, -дейді Валерий Карбалевич.

Өз кезегінде беларусь президенті егер ГазПром газдың бағасын көтеретін болса, онда Беларуссия арқылы Батыс Еуропаға бағытталатын газ тасымалының тарифін өсіремін деп ескертті. Міне осы жағдай Ресей мен оның ең жақын одақтасын ашықтан-ашық әрі ащы пікір алмасуға мәжбүрлейді. Беларуссияның энергетика министрі Аляксандр Азьяретс пен БелТрансГаз компаниясының президенті Дмитрий Казаков Ресей жағымен келіссөз өткізу үшін жаздың ең алғашқы күні Мәскеуге келуге тиіс еді. Осы сапардың қарсаңында Ресей баспасөзі 2007-нші жылы 1 мың текше метр газдың бағасын 200 долларға дейін, яғни 4 есе өсіруді жоспарлап отырған ГазПром туралы түрлі болжамға толы болды. “Мұрагер” Қорының Мәскеудегі кеңсесінің директоры Евгений Волк сынды бірқатар сарапшы Кремльдің жүргізіп жатқан баға саясаты – Лукашенконы көп ұятқа қалдырмайтын өзге одақтаспен алмастыруды көздеп отыр деп санайды.

“Менің есептеуімше, Лукашенко адам құқықтары мен оппозицияны басып-жаншыған саясатымен Кремльдің ашу-ызасын туғыза бастады. Әлгіндей іс-әрекеттері шынында да адам құқықтарын өзі де құрметтей алмайтын Мәскеуге көлеңкесін түсіреді. Бірақ Лукашенкомен сыйласуы В.Путин мен оның режимін Батыстың сын пікіріне душар етеді”, - деп атап көрсетеді Е.Волк.

Оның айтуынша, Кремль Украина президенті В.Ющенконы тұншықтырмақ болған тәсілімен “Лукашенконы да дәл сондай экономикалық жолмен алқымынан алмақшы”. Украинаға жасаған ол әрекеті сәтсіз аяқталды. Беларуссия мен Украинаның айырмашылығы - В.Ющенконың Батыстан дипломатиялық демеу сұрауға мүмкіндігі болса, ал халықаралық қоғам алдында әбден қадірі түскен Лукашенко ешкімнен қолдау таба алмайды.

Егер Кремль шынында да Лукашенконы “экономикалық жағынан” тұншықтыруды көздеген болса, саяси сарапшылардың басым көпшілігі егер А.Лукашенко қазіргі ахуалдан шығудың жолын тез таба алмаса, онда оның қазіргі биліктегі жағдайын шайқауы мүмкін деген пікірмен толық келіседі. Ол жайында сарапшылардың бірі Ф.Лукьянов:

“Егер де газға байланысты қазіргі экономикалық мәселе шелімесе, онда А.Лукашенко өте ауыр жағдайға душар болады... Оның барлық әлеуметтік тұрақтылығы – Ресейдің оған беріп отырған экономикалық демеуіне негізделген. Егер осындай демеу болмаса, онда Беларуссияның бүкіл ішкі ахуалы өзгере бастайды. Міне нақ сол кезде, бәлкім, қандай күштің пайда болып, кімнің шынайы оппозиция болғысы келетіні сияқты нағыз саяси ойын, күрес-тартыстың басталғанын көруге болар”, - деп түсіндіреді.
XS
SM
MD
LG