Accessibility links

Ауғанстан: инвестиция салғандар мол табыс табуға болады деп мәлімдейді


Ауғанстанның ресми билігі елге кімде-кім қаржы-қаражатын салса, ол мол табыс табады деген уәжбен халықаралық инвесторларды Ауғанстанға жаңа көзқараспен қарауға шақырды. Олардың мәлімдеуінше, өткен аптада Кабул қаласында болып өткен 4 күндік экономикалық форумның жұмысына 10-нан аса елден шамамен 500-дей шетелдік инвестор келіп қатысты. Бірақ, біздің тілшіміздің хабарлауына қарағанда, елде түрлі қауіп-қатердің сақталуы мен сыбайластық жемқорлықтың әлі де болса кең етек жаюына қарамастан, өткен 3 жылда Ауғанстанға бағытталған тікелей шетелдік инвестицияның көлемі күрт ұлғайды.

Тамим Сами (Tameem Samee) ауған кәсіпкері. Осыдан бірнеше жыл бұрын Америка Құрама Штаттарынан елге оралысымен ол өзінің туып-өскен қаласы – Кабулда коммерциялық істің кемінде 3 түрін ашып, жұмыс істеп жатыр. Самидің атқаратын ісінің негізгі бөлігі – үкімет пен жеке-меншікті өнеркәсіпке жоғары технологиялық қызмет көрсету болып табылады. Тамим Самидің айтуынша, тауар айналымы шектеулі болса да, телекоммуникация инфрақұрылымы саласындағы жұмыстары үшін өткен 2 жылда айтарлықтай табыс тапты.

“Бұл жерде мүмкіндік – анық бар. Оның бітімгершілік пен коалициялық күштерге қатысы шамалы және біздің ІТ компанияларына көрсеткен қызмет түрлерінен аз табыс таба алдық. Сондай-ақ жеке-меншік саласы да шұғыл дамып келеді және олардың біз атқаратын қызмет түрлеріне деген мұқтаждығы артып келеді”, - деп сыр бөлісті Таимим Сами.

Тікелей шетелдік инвестициялармен айналысатын, штаб-пәтері Лондонда орналасқан “Financial Times” group's тобының Интернет-порталында “Ауғанстанға инвестиция салу – қорқақтардың немесе жүрексіздердің ісі емес” екені айтылады. Бұл елдегі қоршаған орта “мезгіл-мезгіл қауіп пен қатерге толы болады”, бірақ, сонымен бірге, аталған Іnternet-portal “Ауғанстанда ешқандай шегі жоқ мүмкіндіктердің ашылатынын” ескертуге де асығады. Талибан қозғалысының билігі құлаған 4 жылдан бері қарай тілкелген шетелдік инвестициялардың басым көпшілігі құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру саласына құйылды. Инвестиция, сондай-ақ, өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларына да барды.

Сулиман Фатими (Suleman Fatimie) – Ауғанстан үкіметінің инвестицияларды қолдау Агенттігінің вице-президенті болып табылады. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Фатими 2003-інші жылдың қазан айынан бері елде шамамен 5 мыңдай жаңа инвестициялық жобаның тіркелгенін мәлімдеді. “Сонымен қатар біз 1.340 инвестициялық лицензияны қайта жаңғырттық – ол шамамен 1.3 млрд. доллар тұрады және сондай қаржы салынады деген уәде берілді. Соңғы жылдары Ауғанстан экономикасы өсіп келді. Біз кока-кола зауыты, “Серена” қонақ үйі, 13 халықаралық банк сияқты ірі жобалар және Бағландағы қант фабригі сынды басқа да жобалар – экономиканың тез дамуына жеткізеді ғой үміттенеміз”, -деп ой бөлісті Ауғанстан үкіметінің инвестицияларды қолдау Агенттігінің вице-президенті.

Бірақ Ауғанстанда сауда-саттық жүргізудің жолында ұшырасатын ең басты бөгет тағы бар. Дүниежүзілік банктің мәлімдеуінше, ауған экономикасының 80-90 пайызы “көлеңкеде” немесе астыртын жұмыс атқарады да, болашақ инвесторлар осындай жұмбақ экономикаға капиталын салуға көбіне жасқанады. Дүниежүзілік банктің таяуда аяқтаған зерттеуіне қарағанда, Ауғанстандағы жеке-меншік секторының дамуына бөгет болатын мәселелердің ішіне электр қуатының тұрақты түрде жеткізілмеуі, қаржы тапшылығы, жемқорлық және қауіпсіздіктің болмауы кіреді. Мысалға, Тамим Сами өзінің көп шығынға түскеніне, елдегі қауіпсіздіктің жоқтығына және өзі шұғылданатын коммерциялық істің төңірегіндегі жемқорлыққа арызданады. “Біз қауіпсіздікке әлдеқайда көп қаражат жұмсаймыз – бізге күзетшілер керек, өзіміз тұратын баспана-үйлеріміздің қауіпсіздігін күшейтеміз. Оған қоса отынның бағасы – ол да проблема, біз электр қуатын өндіру үшін генераторларға отын жұмсаймыз – ол факті. Біздің коммерциялық ісіміздің түріне қажетті электр қуаты – проблема болып тұр. Жемқорлық – біздің үнемі соқтығатын тағы бір проблема. Сол себепті де біз оны айналып өтуге және оған қарсы жұмыс істеуге тырысамыз. Бұл – үкіметтің орталықтан қолға алуға тиісті мәселесі”, -деп тізіп келтіреді елдегі бар проблеманы кәсіпкер Тамим Сами..

Елдің шетелдік инвестициялар мен іскерлікке ашық екенін кең насихаттайтын Ауғанстанның ресми өкілдері елде осы сияқты проблемалардың бар екенін мойындайды. Олардың айтуынша, барлық күш-жігер елдің осы инвестициялық ахуалын жақсартуға жұмсалып жатыр. Осы мақсаттағы іс-шаралар елді қарусыздандыруды жалғастыру және қауіпсіздікті нығайту үшін жаңа армияны жасақтау мәселесін қамтиды.

Инвестицияны қолдайтын мемлекеттік Агенттіктің вице-президенті Сулиман Фатимидің айтуынша, үкімет инвестицияларға қойылған шектеуді жұмсартып, шетелдік инвесторларды тарту үшін салық жеңілдіктерін енгізді. Оның сөзіне қарағанда, электр қуатының жетіспеуі сынды кейбір проблема – болашақ инвесторларға іс жүзінде жаңа іскерлік мүмкіндіктерді ашып беруі мүмкін. “Біз инвесторлардың осы мүмкіндіктерді көріп, оған өз капиталын бағыттайды ғой деп үміттенеміз. Қауіпсіздік – ол проблема. Үкімет ол проблеманы жоюға тырысуда. Бірақ Кабул, Герат және Мазар-и-Шариф сынды үлкен қалалар қауіпсіз және инвестициясын салған инвесторлар да бақытты. Әзірше елде қауіпсіздіктің жетіспеуіне шағымданып, инвестордың салған капиталын кейін талап етіп, Ауғанстаннан кеткен бірде-бір оқиға болған жоқ”, -деп атап көрсетті Фатими.
XS
SM
MD
LG