Accessibility links

Батыстың банктері мұсылман клиенттерін тартуға үйренуде


Мұнай бағасының “аспандауына” байланысты көмірсутегі шикізатына бай араб елдерінің байлығы, өздерінің көптеген азаматы сияқты, одан бетер арта түсті. Байлығы толыға түскендер капиталын айналымға салуға тиіс. Олардың көпшілігі өздерінің инвестициялары банк пен қаржы саласындағы ислам ережелерін орындағанын қалайды. Осындай талап-тілекке байланысты сейсенбі күні Женева қаласында қаржы-қаражатты басқару мәселесіне арналған Ислам конференциясы өз жұмысын бастады. Бұл форум - талап-тілектері өсіп келе жатқан мұсылман клиенттерінің көңілінен шығуға Батыс банктерінің тырысып отырғанын байқатады.

Михаэль Гасснер (Michael Gassner) – Женева қаласында осымен 2-нші рет өтіп жатқан 2 күндік “Ислам конференциясының” ұйымдастырушысы әрі қожайыны. “Азаттық”-қа берген сұхбатында ол осы форумның мақсатын былайша сипаттап берді.

“Біздің мақсатымыз – жеке-меншікті банкирлер мен активтерді басқаратын менеджерлерді мұсылмандардың мәртебелі өкілдерінің капиталын қалай басқару керектігіне үйрету мен оқыту болып табылады”, - дейді Михаэль Гасснер.

Бұл, өз кезегінде, банкирлердің көпшілігінің өздері білуге тиіс екенін жақсы сезетін нәрсе. Форумға қатысушылардың басым көпшілігін швейцариялықтар құрайды және оған таңырқап қарайтын ештеңесі жоқ. Өйткені, Швейцария - жеке-меншіктегі банк ісінің әлемдік орталығы болса, бір Женева қаласының банктерінде негізінен мұсылмандардың есеп-шоттарында 200 млрд. долларға жуық қаржы шоғырланған. Әйтсе де Женевадағы конференция бүкіл жер шарынан, оның ішінде Сингапур мен Нигериядан бастап, Батыс елдерінің ABN-Amro, Deutsche Bank, Citigroup және “ғаламдық қаржы орталығы” деген мәртебе үшін Нью-Йоркпен бәсекелесетін Дубаидің Халықаралық қаржы орталығы (the Dubai Financial International Center) сынды белгілі қарсы Институттары өкілдерінің бастарын қосып отыр.

Осы күні Батыстың банктеріне көбірек көз тіккен қалталы мұсылмандардың қатары өсіп келеді. Бірақ, сонымен бірге, олар Батыс банктерінен өздерінің діни сенім-нанымына қайшы келмейтін қызмет түрлерін көрсетуді талап етеді.

“Біз (Батыс банктері) өте көппіз (көп қызмет көрсетеміз), пайыздық төлеміміз жақсы – Парсы шығанағы елдерінің нарығындағы үлесі-салмағымыз 20-30 пайызды құрауы мүмкін... Өзгелердің келмеуі ықтимал. Өйткені, қызмет түрлері жетіспейді, осы күнге дейін мұсылмандарға қажетті барлық қызметтің бола бермейтіні бар. Осылар жойылысымен банк қызметінің түр-түрі пайда болады, Батыс банктеріне баратын мұсылмандар да өсе түсетін болады”, - деді Михаэль Гасснер.

Алайда қайсыбір банк қызметін тапсырыс бойынша іске асыра қою қиынға соғуы мүмкін. Өйткені, банк ісі мен қаржы активтерін басқарудың исламдық принциптері Батыс банктері ұсынатын қызметтерден өзгешелеу. Осы өзгешелікті Михаэль Гасснер былай деп түсіндіреді:

“Исламдық банк ісі бойынша жұртшылықтың онша көп қарыздана бермеуі дұрыс. Нақ сол себепті де ақшақұмарлыққа тыйым салынған. Бірақ Сіз өзге шарттарға отыра аласыз. Берген несиесін қайтарып алуға немесе берген несиесі үшін ақшалай сыйлық алуға болмайды. Бірақ Сіз өз капиталыңызды қозғалмайтын мүлік активтеріне сала аласыз, не болмаса – өнеркәсіп саласына қарай, қайсыбір компанияның пайда түсіру мүддесін көздемейтін табысы мен шығындарына және барлық айналым операциясына қатыса аласыз. Порнография және арақ-шарап өндіру сияқты іске тыйым салынған”.

Банк ісінің исламдық принциптері, сондай-ақ, қалталыларға айтарлықтай көлемде филантроптық немесе мейірбандық міндеттер жүктейді. Жинақтап айтқанда, Женевадағы конференцияның күн тәртібі жоқшылықпен күресу тақырыбын қамтып, мұсылман ұғымындағы “зекет” парызын талқылауды көздеп отыр.

Исі мұсылманның негізгі 5 парызының бірі – Зекет – Алланың рақымын алу үшін байлықпен бөлісу деген түсінікті білдіреді. Зекет – мұсылмандарды артылған байлық-дүниесінің бір бөлігін құран-кәрімде келтірілген кедейлерге, мүсәпірлерге, кем-тарларға, езілгендерге, қарызданғандарға, зекет жинаушыларға және тағы басқаларға бөліп беруге міндеттейді. Оған бөлінетін қаржының қомақты болуы да мүмкін: ислам мұсылмандарға барлық тапқан табысының 2,5, 5 немесе тіпті 10 пайызын беру міндетін жүктейді.

Зекеттің мөлшері - банк активтерінің шыққан табиғатына, олардың құрылған мезгіліне және банкте жатқан уақытына байланысты болады. Мысалға, фермер зекетке жаңбырдың суымен өсірген егінінің 10 пайызын, ал қолдан суарып өсірген астығының 5 пайызын төлейді. Қалталы мұсылмандардың капиталын ұстауға мүдделі Батыс банктері сол себепті де зекеттің үлесін есептеп шығаруды үйренуге мәжбүр болуда. Бірақ қалталы мұсылмандардың қатары өскен сайын Батыс банкирлері мен активтерді басқаратын менеджерлердің де осы мұсылман клиенттерінің көңіліне шығып, олардың барлық талап-шартын орындауға асқан ынта білдіруде.
XS
SM
MD
LG