Accessibility links

Украинада өткен парламент сайлауы Еуроодақ бақылаушыларының жоғары бағасын алды


Украинада өткен жексенбі күні болып өткен парламент сайлауын бақылаған Еуропа парламентінің бақылаушылары сайлау барысына жақсы баға берді. Украинадан Брюссельге оралғаннан бақылаушылар миссиясының мүшелері сайлаудың әділ де еркін өткендігін хабарлады. Олардың ортақ пікірінше, Украина демократияның маңызды сынағынан ойдағыдай өтті.

Өткен жексенбіде кезекті парламент сайлауын өткізген Украина Еуропа парламентінің бақылаушылары тарапынан айрықша жақсы баға алды. Бақылаушылар миссиясының британдық мүшесі Чарльз Тэннок (Charles Tannock) Украина билігінің атқарған ісі Ұлы Британия үкіметінің ісінен де асып түті деп ойлайтынын жасырмады. Украина, оның атап көрсетуінше, демократияның маңызды сынағын үлгі-өнеге көрсете отырып өтті.

“Бұл үлгі-өнеге, менің көзқарасым бойынша, енді Украинаны Еуропаның демократиялық ұлттары қауымдастығының қанаты бекіген мүшесі деген қазіргі мәртебесін растайды. Бұл осылай қабылдануға тиіс деп ойлаймын. Бұл елді демократияны түсінбейді немесе демократияны қолданбайды деп ешкім айта алмайды”, - деді Ч.ТЭННОК.

Сайлауда барлық сайлаушының 75 пайыздан астамы дауыс берсе, “бүйрегі” Мәскеуге бұрып тұратын экс-премьер-министр В.Янукович бастаған “Аймақтар партиясы” ең көп дауыс жинады. Бірақ бұл партия жаңа үкіметті жалғыз өзі жасақтай алмайды. Жинаған дауыстары жағынан тағы бір экс-премьер-министр Юлия Тимошенконың блогы екінші, ал президент В.Ющенконы қолдайтын “Біздің Украина” партиясы – үшінші орында тұр.

Украинадағы парламент сайлауына келген Еуропарламент бақылаушыларының жетекшісі Марек Сивик (Marek Siwiec) дауыс беру барысында ешқандай өрескел заңсыздықты байқамағанын мәлімдеді. Ол, сонымен қатар, Украинаның саяси жүйесі сынақтан ойдағыдай өткенін атап көрсетіп, Украинаның кейбір партиясының сайлау күні “жаппай бұрмалаушылық болды” деген мәлімдемесін жоққа шығарды.

Марек Сивиктің пікірінше, парламентке өз өкілін сайлау үшін 3 пайыздық дауыс алу межесінен 5 партия мен партиялық блоктың ғана өткені Украина сайлаушыларының дауыс беруге ақылмен келгенін байқатты. Сайлауда ұтылғандар, деп мәлімдейді М.Сивик, Украинаның сайлау жүйесін емес, сайлаушыларға өкпелеуге тиіс. Оның пікірінше, бұл сайлауды 2004-інші жылғы өрескел бұрмалаумен өткен президент сайлауымен салыстыруға тіпті болмайды. Сол жылғы президент сайлауын халықаралық бақылаушылар өткір сынға алған болатын.

Украинаның Еуроодаққа жақын болуға деген ұмтылысы Еуропарламент тарапынан кең қолдау тауып отыр. Марек Сивиктің айтуынша, Еуропарламент Украинамен арадағы қарым-қатынасын жақсартуға ынталы көрінеді. Еуропарламент өзінің алдағы аптада Страсбургте өтетін сессиясында Украинаны талқылайтын болады. М.Сивиктің атап көрсетуінше, Украина өзінің жаңа үкіметін жасақтап болысымен, Еуропарламент онымен арадағы диалогын жалғастыруға дайын болуға тиіс. Алайда ол да, Чарльз Тэннок та бір мәселеге назар аудару қажеттігін атап көрсетті. Нақты айтқанда, Ч.Тэнноктің атап көрсетуінше, Украина сайлаушылары өзге проблемаларға да алаңдап отыр.

“Менің ойымша, бүкіл сайлау науқаны барысында Еуропа Одағы, шынында да, үгіт-насихатта онша көп көрінбеді. НАТО әлдеқайда үлкен проблема болды, НАТО-ға мүше болу-болмау көбірек толғандырды. Сайлаушылардың басым көпшілігі НАТО-ға мүше болуға қарсы”, - дейді Ч.ТЭННОК.

Ч.Тэннок сайлау науқаны барысында көтерілген өзекті мәселелердің қатарында Ресеймен арадағы қарым-қатынастың, оның ішінде орыс газы мен Украинадағы орыс тілінің мәртебесі, сондай-ақ – мемлекеттік билік құзырларын облыс-аймақтарға беру мен салық жүйесінің болғанын атап көрсетті. Сайлаудың нәтижесіне келгенінде Ч.Тэннок, оның өз сөзімен айтқанда, “қызғылт-сары төңкерістің” бастапқы үлгісіне, яғни Ю.Тимошенко мен В.Ющенконың блогын қалпына келтіру – өмірге мейлінше жақын сценарий екенін айтты.
XS
SM
MD
LG