Accessibility links

Түркіменстан: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өкілінің сапары азын-аулақ халықтардың ауыр халін күн тәртібіне қойды


Осы сейсенбі күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының шағын ұлттардың істері бойынша Жоғарғы Комиссары Рольф Экюстің (Rolf Ekeus) Түркіменстанға сапары аяқталды. Бұл сапар осы елдегі шағын ұлттардың жағдайымен танысып, оның жақсарғанына көз жеткізуді көздеді. Адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдардың шағын ұлттарды президент С.Ниязов бастаған биліктің әкімшіліктің шеттетуіне көптен бері арызданып келе жатқан Түркіменстанға Рольф Экюс үшінші рет келіп қайтты. Алайда біздің тілшіміздің хабарлауына қарағанда, этникалық өзбек, қазақ орыс және тағы басқалардың құқын аталған еуропалық ұйымның әділ қорғай білгеніне байланысты әлі көп сауал туып отыр.

Сыншылар Түркіменстан билігі жағынан шеттету көрген азын-аулақ ұлттарды тізіп келтіреді. Ресми биліктің талабы бойынша, шағын ұлт өкілдері өздерінің ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрін ұмытып, бірыңғай түркімен тілінде оқуға, түркіменнің ұлттық киімін киюге міндетті. Шетелдік, әсіресе Батыс елдерінің дипломаттары Түркіменстанға аяқ басқанда тіпті өте сақ жүреді. Елдің авторитарлық билігімен қарым-қатынасында ресми протоколдан басқа да проблемалар шығып жатады. Түркіменстан – Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Қазақстан және мұнай шикізатына өте бай Каспий теңізімен көрші стратегиялық маңызды аймаққа орналасқан. Түркімен елінің өзі де мұнай мен газға өте бай. Оның стратегиялық геосаяси жағдайы мен көмір сутегі шикізатына бай болуы - түркімен үкіметінің тым еркінсуі мен шетелдік өкілдердің оған көзін жұмып қарауына себеп болған жоқ па деген сауал туғызады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының шағын ұлттардың құқын қорғайтын өкілі Рольф Экюс (Rolf Ekeus) Түркіменстанға сапарының алғашқы күні өте байқап сөйледі.

“Біз өте жақсы бастадық қой деп ойлаймын және мен қоғамның іштей бірігуі, мемлекеттік тілді дамыту және, сондай-ақ, шағын ұлттардың құқын қорғау мәселелерін шешуді жалғастыра береміз деп үміттенемін. Осылайша біз осы салаларда алға жылжи аламыз деп үміттенемін”, - деді Р.ЭКЮС.

Әрі қарай Рольф Экюс президент С.Ниязов Еуропалық ұйымды оның 15 процентке жуық түркімен емес халықтың жағдайын білмек болған мақсатынан бұрып алып кетуге тырысқандай болды деген ойын айтты.

“...президент С.Ниязов энергетика мен қауіпсіздіктің маңызды проблемаларын қозғады және біз, сонымен қатар, шағын ұлттардың ахуалын, тіл мен білім беру мәселелерін талқыладық”, - деді Р.ЭКЮС.

Фарид Тухбатуллин – ресми билікті сынаған үшін түрмеге жабылған бұрынғы табиғат қорғаушысы. Адам құқын қорғайтын халықаралық ұйымдар оның жағдайын жария етіп, ақыр аяғында ол бостандыққа шығарылды. Ф.Тухбатуллин енді адам құқын қорғайтын Хельсинки қорының Түркіменстандағы өкілдігінің басшысы. Оның мәлімдеуінше, түркімен билігі Рольф Экюсті өзге ұлттар мен олардың жағдайы жақсы өкілдерімен ғана кездестіріп, шағын ұлт өкілдерінің шынайы жағдайымен танысуына мүмкіндік бермеді.

“Экюс Түркіменстанда талай рет болды. Алайда, біздің мәліметіміз бойынша, іс жүзінде шағын ұлттардың өкілдерімен еркін жүздесуіне мүмкіндік бермеді”, - дейді Ф.ТУХБАТУЛЛИН.

Ф.Тухбатуллин Түркіменстандағы азын-аулақ ұлттардың құқықтарын құрметтелмеуі – елдегі шағын ұлттардың ішіндегі ең ірілері - қазақтар мен өзбектердің білім алуынан басталатынын атап көрсетті.

“Түркіменстандағы ең үлкен ұлттық диаспора, әрине, Түркіменстанның солтүстігі мен оңтүстігін мекендейтін өзбектер болып табылады. Қазір өзбек мектептерінің жабылғанын біз білеміз: өзбек мектептерінде өзбек тілінде оқытуға қабылдамайды. Қазақстардың жағдайы да дәл осындай, яғни қазақ мектептері жұмыс істемейді. Бұл, өз кезегінде, қазақтардың басым көпшілігін елден кетуге мәжбүрлеуде”, - деді Ф.ТУХБАТУЛЛИН.

Этникалық орыстар да риза емес. Түркіменстан үкіметінің 2003-інші жылы Ресеймен арадағы қос азаматтық туралы келісімнен шығуы көптеген орыстың қоныс аударуына түрткі болды. Түркіменстанда қалуды қалаған өзге орыстардың ауыр жағдайына Ресейдің Мемлекеттік думасы да еріксіз назар аударды. Сол кезден бері Түркіменстанның орыстары өз тілінде білім алып, тіпті өз тілінде көңіл көтеруден қалды. Түркіменстанда Ресейдің радио және телехабарларын қабылдау өте қиын. Ф.Тухбатуллиннің мәлімдеуінше, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық сынды халықаралық ұйымдар ұлттарды шеттету проблемасын көтеріп жүргенінде, түркімен билігі ондай проблемаларға тіпті алаңдамайтын тәрізді.

“Өкінішке қарай, мен мұндай сапарлардың нәтижесін әзірге көрмей отырмын. Осы сапарларының қорытындысы бойынша Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы немесе тағы басқа мемлекетаралық құрылымдар ешқандай шешім, құжат қабылдаған жоқ”, - дейді Ф.ТУХБАТУЛЛИН.

Ал осы кезде Рольф Экюс түркімен басшылығын шағын ұлттардың құқықтарын көбірек сыйлауға үгіттеп жатты. Оның сөзі, алайда, өте астарлы болды.
XS
SM
MD
LG