А.Милинкевич өзінің сайлауға түсетінін қазан айының басында хабарлады. Содан бері ол бұқара халықпен талай кездесу өткізіп, ел арасында кең үгіт-насихат жұмысын жүргізіп келді. Өзгелерге қарағанда А.Милинкевич сайлауға әлдеқайда жақсы дайындалды және оның “бастамашыл тобы” ресми тіркелуге қажетті ең аз деген 100 адамнан әлдеқайда көп кісіден жасақтала алады. Дегенмен де “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында ол президент сайлауының мерзімін шілде айынан 19-ыншы наурызға қарай жылжыту айтарлықтай қиындық туғызатынын атап көрсетті.
“Адамдарды “бастамашыл топтың” құрамына алу үшін Сіз олардың әрқайсысымен тілдесіп, кейін олардың топтан шығып кетпесіне көз жеткізуіңіз керек. Біз өз белсенділеріміздің тізімін әлдеқашан жасап қойғанбыз. Бұл жұмыс қазір де жалғасып жатыр... бірақ “бастамашыл топ” мен ойлағандай үлкен болмайды. Мен осы топта жазға қарай тұтастай 10 мың адам бола ма деп ойлағанмын. Ал енді одан аз болатын түрі бар”, - дейді А.Милинкевич.
Беларуссиядағы президент сайлауының мерзімін өзгерткенге бақылаушылардың көбі онша таң қалған жоқ. Өйткені, сайлауды мезгілінен бұрын өткізетінін президент А.Лукашенко Ресей лидері В.Путинмен кездесуінен кейін хабарлады. ТМД кеңістігіндегі жаңа “түрлі-түсті” төңкерістің болуынан қаймыққан Мәскеу А.Лукашенконың билік басында қалғанын көргісі келеді. Сонымен қатар Кремль Беларуссиядағы газ құбырларын өзінің кең бақылауына алуды көздейді. А.Лукашенко президент тағында қалатын болса, өзінің жақын одақтасының көңілінен шығу үшін президент кеңсесі (А.Лукашенко) ол үшін қолдан келгенін аямас. Өз кезегінде Мәскеу “түрлі-түсті” төңкеріс болған Украина мен Грузияны ашықтан-ашық жазғырып, оларға сатылатын көгілдір отынның бағасын күрт көтеріп, керісінше Беларуссияны бүкіл ТМД кеңістігіндегі ең арзан газбен қамтамасыз ететін болады. Ал А.Лукашенко өзінің президент сайлауына қатысу құқын 2004-інші жылдың қазан айындағы референдум арқылы ұйымдастырды. Батыс қоғамы тарапынан өткір сынға тап болған осы референдум оған президент сайлауына, бұрын-соңды болмағандай, үшінші рет түсуіне мүмкіндік берді. Сайлауда оның жеңіле қоятынына жұртшылық онша көп сенбейді. Дегенмен де Александр Милинкевич пен Беларуссияның Либералдық-демократиялық партиясының лидері Сергей Гайдукович сынды өзге болашақ үміткерлер президент сайлауын Беларуссиядағы саяси және әлеуметтік теңсіздікке деген наразылықтың өсіп бара жатқанына назар аударту үшін пайдаланбақшы.