“Мұндай күдік ақиқат болып шығатын болса, онда ол еуропалық Ереженің (Келісімнің) айтарлықтай бұзылғаны болып табылады”, - деді Франко Фраттини.
Ф.Фраттини Еуропа Кеңесінің басшысы Тэрри Дэвиспен өзінің тығыз байланыста отырғанын мәлімдеді. Еуроодақ өкілінің айтуынша, оған Болгариядағы жазалау мекемелерін тексеру ешқандай нәтиже бермегенін хабарлаған. Ф.Фраттини, сондай-ақ, Еуропа Кеңесінің өзге тексерушілері Еуроодаққа мүше елдерге қоса, мүшелікке үміткер көптеген елге де барғанын атап көрсетті. Онымен қарама-қатар ресми Брюссель Вашингтоннан өзінің жолдаған сұрауына жауап күтіп отыр. Кейбір хабарға қарағанда, өткен аптада Еуроодаққа төрағалық ететін Ұлы Британия Брюссельдің атынан АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы К.Райсқа түсініктеме беруді өтініп хат жазуға келісті. Германияның қызмет бабына енді ғана кіріскен сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайэр (Frank-Walter Steinmeier) Вашингтонға осы дүйсенбі баратын ең алғашқы ресми сапарын осы проблеманы талқылау мақсатына пайдаланбақшы. Осы сейсенбі күні Брюссельде Ф.Фраттини де өзінің үзеңгілестерінен АҚШ үкіметі өкілдерімен арадағы әңгімелерінде осы мәселені көтеруді өтінгенін ашық айтты. Сонымен қатар Ф.Фраттини Еуропада қайсыбір маңызды “мәлімдемені” ізін суытпай тексеріп, дереу шара қабылдайтын өз алдына жеке құрылымның болмауын “ерсіз” деп бағалады.
“Өте қызық нәрсе бар: Еуропа Комиссиясында принциптердің бұзылғанын тергей алатын ешқандай құзыры жоқ, бірақ, Ереженің 6-ншы және 7-нші баптарында көрсетілгендей, себеп-салдарымен күресу міндеті бар...”, - деді Франко Фраттини.
Еуроодақ Ережесінің 6-ншы бабында: “Еуропа Одағы - тәуелсіздік пен демократия принциптерін және адамның құқықтары мен жалпыға бірдей еркіндігін құрметтеуді, сондай-ақ құқық нормаларын сақтауды негізге алады” делінген. Ереженің 7-нші бабында “осы принциптер үнемі бұзылған жағдайда, ЕуроКомиссия, Еуропа парламенті немесе Еуроодаққа мүше елдердің 1/3-і принципті бұзған елді “бірқатар” құқынан, оның ішінде – дауыс беру құқынан айыра алады” делінеді. Әрине, мұндай жағдайда көпшіліктің шешім қабылдағаны дұрыс еді.
Еуропа Кеңесі “құпия түрмелердің” барлығына ешбір айғақ таппай жатып, ресми Вашингтон оны не жоққа шығармайды, не растамайды. Сейсенбі күні “The USA Today” газетіне берген сұхбатында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Райс терроризмге қарсы күресте тұтқында ұстаудың үйреншікті ережесін қолданбайды деп мәлімдеді. Алдағы аптада К.Райс ханым Еуропаның 5 еліне, оның ішінде Германия мен Румынияға және Украинаға сапарға барады. Ол, сондай-ақ, НАТО-ның Брюссельдегі бас қосуына баруға тиіс. Ресми Вашингтон нақты ақпар беруден бас тартып отырған кезде, Ф.Фраттини мен ЕуроКомиссияға Еуропа Кеңесіне ғана үміт артуға тура келеді. Бірақ сейсенбі күні Ф.Фраттини жоғарыда атап көрсеткен “қызық нәрсенің” бөгет болып отырғанын тағы да атап айтты.
“Еуропа Кеңесінің тергейтін құзыры бар, бірақ оның салдарына билігі жүрмейді. Міне сол себепті де Еуропа Кеңесі мен Еуропа Комиссиясының тығыз байланыста болғаны қажет”, - дейді Ф.Фраттини.
Оның айтуынша, Еуроодаққа мүше елдердің ұлттық прокуратуралары да іске араласа алады, өйткені олардың белгілі бір жайтты тергейтін құзыры бар. Испания прокуратурасы, деп мәлімдеді Ф.Фраттини, Орталық барлау басқармасының терроризммен шұғылданды деген күдіктілерді тиеген ұшақтары Майорка аралына қоныпты деген хабарды тексеру үстінде. Алайда, оның ескертуінше, ол хабарды бұлтартпай растайтын дәлел әзірше жоқ. Сонымен бірге сейсенбі күні Ф.Фраттини Еуроодақтың сауалына тиянақты жауап беруі үшін Вашингтонға уақыт беру керектігін атап көрсетті.