Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05-29-2004


Кезекті парламенттік сайлау алдындағы жағдайды республикалық басылымдар жіті назарда ұстауда.

Тіптен, «Жас алаш» газеті қазірден бастап Орталық сайлау комиссиясының толықтай отставкасын талап ету қажет немесе сайлауға бойкот жариялау керек деген пікір айтып отыр. Мұндай шұғыл шешім жасауға мақала авторын жаңа «Сайлау туралы» заңмен енген кейбір өзгерістердің қазір солақай орындалып жатқандығы мұрындық болыпты. Оның айтуынша маусымның 6-на дейдін аумақтық сайлау комиссиялары толықтай жасақталып бітуі тиіс.

Бірақ газет тілшісі осы орайда туындаған заң бұрмалаушылықтар толастамай отырғанын тілге тиек етеді. «Мысалы, комиссияға мүшелерді тіркеу кезінде Атырау облысындағы Исатай, Индер аудандарының мәслихат депутаттары «Ақ жол», Коммунистік және Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партия өкілдерін екі сөзге келмей сызып тастаған», - дей отырып, мақала авторы кейбір жерлерде осы партия өкілдеріне билік тарапынан қоқан-лоққы көрсетілудің нәтижесінде олардың бірқатары комиссияға кіруден еріксіз бас тартып жатқандығын айтады. «Сайлау спектакілінің қоюшы режисері Орталық сайлау комиссиясы әзірден осындай бармақ басты, көз қысты әрекеттерге барып жатса, сайлау күнгі тірлігі не болсақ?» - дейді мақала авторы. Сонымен бірге ол Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Бәлиеваның «электронды дауыс беру мен бюлетендік дауыс беруді қабаттастырудық қажеті жоқ» дегеніне қарамастан, бұл жаңалықтың кейбір округтерге эсперимент ретінде енгізу керектігі сөз болғанын тілге тиек етеді. «Сонда ол қай округтер мен қандай критерийлерге сүйеніп таңдалады?» - дейді мақала авторы. Ол: «Электронды жобаның тек дауыс ұрлау үшін ғана жасалғанын жұрттың бәрі біледі»,- деп есептейді.



Ал «Литер» газеті болса, сайлау комиссияларын жасақтау науқанының Шығыс Қазақстан облысында еш қиындықсыз өтіп жатқандығын баяндайды. Ең үміткері көп партия ретінде президенттік «Отан» партиясы анықталып отыр екен. Ал оппозициялық партиялар сайлау кезінде олардың үміткерлеріне тосқауылдар қойылатындығын айтуда дейді «Литер» газеті.

«Новое поколение» газеті электорат дауыс берген кезде қандай талаптарды бағдар тұтатындығына тоқталады. Мақала авторының пікірінше, бүгінде саяси партиялардың барлығы сайлаушыларға бір—бірінен аумайтын бағдарламалар ұсынады, ал олардың қатарындағы мүшелерінің көпшілігі тізімге енгізіліп қойған «өлі жандар» ғана. «Соған қарамастан, процес іш пыстырмайтын шығар. Себебі, біреу мемелкеттік қаламақысын бола маңдай терін төксе, біреу өнідіріс орындарынан алатын сыйақылары мен халықаралық гранттарды ақтауға тырысады», - дейді газет тілшісі.

Жаңадан шыға бастаған «Көзқарас» газеті де сайлау алдында саяси партиялардың өзін-өзі жарналамалауын бастап кеткендігіне тоқаталады. Мысал ретінде ол Патриоттар партиясының аяқ астынан қазақ тілін көтеруге ден қойғанын тілге тиек етеді.

«Түркістан» газетіндегі «Екінші коммунистік партия кімге керек?» деген мақалада Қазақстан коммунистік партиясының арасындағы қожыру сөз болады.

Серікболсын Әбділдин компартия ыдырай бастады деген лақаптың тарауын, тура сайлау алдында Компартияның беделін түсіру үшін жасалып отырған саясат деп бағалайды. Ал жаңа комммунистік партияның жетекшісі Владислав Косаревтің айтуынша, көптеген коммунистер жаңадан құрған өздерінің ұйымына ауысқан. «Біздің партиясыздың 20 пайызы солардан құралады. Алматы облыстық ұйым мен Астана қалалық компартияның ұйымдары толығымен дерлік бізге келді. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысынан 2 мыңдай адам келді», - дейді «Түркістан» газетінде Владислав Косарев.

«Айқын» газеті халықарылық сарапшылардың да қазірдің өзінде Қазақстандағы сайлаудың қалай өтетіндігіне ықылыс танытып отырғанын айтады. Мәселен, АҚШ сенаторы Бернс Қазақстан сенатының спикерімен кездесу барысында осы мәселені көтерген. Ол: «Қазақстандағы сайлаудың барынша жария өтіп, партиялардың өз пікірін ашық айта алуын, сайлау алдындағы платформаларын БАҚ арқылы жұртшылыққа еркін жеткізе алғанын бағамдайтын боламыз», - депті.
XS
SM
MD
LG