Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05 -26 - 2004


Республикалық басылымдарда Қазақстан адам құқығы жөнінен АҚШ мемлекеттік департаментінің сынына ұшырап, жер-жерде аштық жариялау жүріп жатқандығы сөз болумен қатар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бейбітшілік жолындағы Нобель сыйлығына ұсыну бойынша бастама көтерілгені айтылады.

«Қарағанды облысы Крещеновка ауылындағы бірнеше шаруаның аштық жариялаудағы бар мақсаты өз жерлерінде жұмыс істеуге мүмкіндік алу», - дейді «Экспресс К» басылымы. Газет тілшісінің айтуынша, өз жерлері мен пайларын заңдастыра алмай жүрген бұл азаматтар егіс науқаны кезінде жұмыс істеуге жер өңдейтін техника мен құрал-саймандар таба алмай отыр. Егер тілек-талаптары орындалмаса, олардың бірнешеуі өзін-өзі жағуға бар, - деп хабарлайды республикалық басылым.

«Қазір олар егіс жұмыстарына кедергі келтірмес үшін жұмысқа шықты. Егіс науқанынан соң аштық жариялауды қайта жалғастырмақшы», - дейді «Айқын» газеті. Ал Қызылорда облысы Қазалы ауданында аудандық мәслихат депутаты Мұратбек Орынбасар бастаған бір топ мұғалімдердің аштық жариялауы, бұрынғы аудан әкімінің спорт мектебіне заңсыз түрде бір адамды тағайындап, ал оның қарамағындағыларды аяусыз ұрып –соғу оқиғасынан бастау алады. Мектеп директорынан таяқ жеп, бір ай ауруханаға жатып шыққан депутаттың өзі сотқа шағымданады.

Бірақ сот мектеп директорының ұпайын арттыратын шешім шығарып, мектеп басшысы басқа педагогтарға күш көрсетуін тоқтатпайды. Осыған наразы болған мектеп ұжымы жаппай ереуілге шығады. Содан кейін ғана мектеп директоры орнына алынады. Әйтсе де, мұнымен де тоқтамаған мұғалімдер заңсыздыққа жол берген сот төрешісіне және басқа да мемлекеттік қызметкерлерге қатысты шара қабылдануына талап етіп, аштық жариялайды. Мұндай қарсылық акциясының соңы ереуілшілдердің жағдайлары нашарлап, ауруханаға түсуіне соқтырады. Газет мәліметтеріне қарағанда, бастамашыл топтың басшысы Орынбасарды полицейлер аштық жариялап жатқан жерінен сүйрелеп сотқа алып барады. «4 күн нәр татпаған Мұратбек сот корридорында есінен танып құлап қалады. Оны ауруханаға апарудың орнына құқық қорғаушылар сот залына кіргізіп, темір тордың ішіне қамап қояды. Сәлден соң сот төрешісі депутаттың есінен танып жатқанына қарамастан, оған 18 800 теңге айыппұл салады», - деп баяндайды Қазалыдан «Азат» газетінің тілшісі.

«Комсомольская правда Казахстан» басылымы «АҚШ Абу-Граиб масқаралығынан құтылудың жолын тапты» деген эмоцияға толы мақалада Андрей Рубин Мемлекеттік департаменттің адам құқығы бойынша әзірлеген баяндамасын сынайды. Мақала авторының пікірінше, Мемлекеттік департамент НАТО-ға мүше болған Балтық жағалуындағы елдерде орыс тілді халықтың құқығының бұзылғандығын ауызға алмастан, жақында біртұтас экономикалық кеңістік құрған елдерге шүйлігеді. «Олар Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарға миллиондаған шығын шығарып отырғандарын, Вашингтонның біздің елге қысым жасап, тікелей ішкі саясатымызға араласуға тырысқандарын баяндай келіп, «үкімет халықтың үкіметті өзгертуге деген ұмтылысын қатаң түрде шектеп отыр», - деген негізсіз қорытынды жасайды» , - дейді «Комсомольская правда Казахстан» басылымындағы мақала авторы. Оның пікірінше, Вашингтон Қазақстанда өлім жазасына мараторий жарияланғанын да, басқа да демокртиялық бағыттағы алға жылжуларды да көпе-көрнеу көрмей отыр. Қазақстан президенті Назарбаевты халықаралық мәртебелі Нобель сыйлығына ұсыну туралы идея бойынша арнайы жұмысшы тобы құрылып, жұмыс істеп жатқандығынан хабардар етеді «Азат» газеті. Мақала авторы бұл бастаманың «мұң-зары ескерілмей отырған» Семей өңірінен шығуына таңданыс білдіреді. Осы орайда ол президент елдің мәдени, тарихи, рухани, саяси орталығы Семейді облыс орталығы мәртебесінен айырып, Семей полигонынан зардап шеккендерге жасалған жеңілдіктердің тоқтатқанын еске алады. Оның пікірінше, ел жетекшісі зардап шеккендерге берілетін қосымша айлық үстемақыны тек мемлекеттік қызметкерлерге төлеп, зардап шеккендерді алалауға жол беріп отыр. Мақала авторы сондай-ақ «мұндай бастаманы құптайды деген Америка Құрама Штаттарында оның парақорлығын әшкерейлейтін сот ісінің жүріп жатқандығын» жеткізеді. Бірақ соған қарамастан, бүгінгі күні бұл бастамасын Кеңестер одағының алғашқы да, соңғы президенті Михаил Горбачевпен бірге ақын Олжас Сүлейменов, спортшы Дәулет Тұрлыханов, бұрынғы премьер Сергей Терещенко, депутат Қайролла Ережепов қолдап отырғанын айтады «Азат» газеті.
XS
SM
MD
LG