«Заң» газетінде жарияланған Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссиясының Қазақстандағы адам мен азамат құқығын сақтау жөніндегі баяндамасында келтірілген мәліметтерге қарағанда, шет елдік инвесторлар құзырындағы ірі шикізат орындары жұмыс істеп тұрған Қазақстанның кейбір аймақтарында адамдардың денсаулық сақтау құқықтары өрескел бұзылып отыр. Мәселен, Балқаш тау-металлургия комбинаты «Самсунг Дойчланд» шетелдік фирмасына сырттай басқаруға берілгеннен бастап, атмосфераға тасталатын зиянды заттар көлемі жылына 300 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін көбейген. Ал жергілікті тұрғындардың денсаулығы нашарлап, тыныс алу органдарының және жүрек-тамыр аурулары таралу жағынан бірінші орынға шыққан. 2000-2002 жылдар кезеңінде өлі туылған сәбилер екі есеге өсіпті. «Қаладағы орташа өмір ұзақтығы 58,6 жастан 53,2 жасқа дейін қысқарған. Ал республика бойынша орташа өмір сүру ұзақтығы 64 жас», - деп көрсетілген адам құқығы бойынша мемлекеттік комиссияның қорытындысында.
Адамдардың денсаулығын қорғауға қатысты немұрайлық мен салдыр-салақтық «Айқын» басылымында да сөз болады. Шымкент қаласындағы мемлекеттік тендердің иегері «Шымкентөнеркәсіпқұрылыс» компаниясы дайындаған балаларға арналған 15 ойын алаңқайындағы құмнан едәуір көлемдегі фосфор табылыпты. «Дәрігерлердің айтуынша, фосфор адамының денесін күйдіріп қана қоймай, ақ қан ауруына шалдықтыруы мүмкін», - дейді газет тілшісі. Оның айтуынша, апатты алаңқайда қанша баланың ойнап, оның зардабын қаншасы тартары әзірге белгісіз. Газет сонымен бірге Қазақстанда адам саудасының да толастамай тұрғанын айғақтайтын келесі деректі ұсынады. Жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қазақстандық қыздарды Голландия мен Изарильге заңсыз түрде аттандырмақшы болған қылмыстық топты қолға түсірген. «Шет елде бала бағуға, мейрамханаларда даяшы болып жұмыс істеуге келісімдерін берген қыздар «қомақты қаржы» табатындарына кәміл сенген. Бірақ олар күні ертең күңдікке түсетінін білмеген», - деп жазады «Айқын» басылымы. Егер бұл уақиғада Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақстандық қыздарды қорғап қалғаны мадақталса, түрмеде жатқан оппозиция лидері Ғалымжан Жақиянов пен оның жұбайы Қарлығаш Жақиянованың тап осы мемлекетік органнан бүгінде теперіш көріп отырғаны «Азат» газеті арқылы мәлім болады. Қарлығаш Жақиянова газетке берген сұқбатында өз күйеуінің үстінен тағы бір қылмыстық істің қозғалуы мүмкін екендігін тілге тиек етеді. Оның сөзіне қарағанда, билік орындары Жақияновқа 1998 жылы Павлодарда сатып алынған үйді ол әкім ретінде лауазымын пайдаланып, иесінен тегін алды деген айыпты тағуға тырысып отыр. Ал Қарлығаш Жақиянованың өзі бұл үйді сатып алуға күйеуінің еш қатысы болмағанын, оны өзі сатып алғанын, сатушының тіптен оның сол кезде әкімнің жұбайы екенін білмегенін баяндайды. «Осы іске байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері менен төрт сағат бойы жауап алды. Бұдан кейін күйеуіңе жібермейміз. Кездестірмейміз деп қорқытты. Ауыр-ауыр сөздер айтты», - дейді Қарлығаш Жақиянова. Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазір парламент депутаттарын да Ғалымжан Жақияновқа жібермеу үшін жұмыс жасап жатыр.
«Азат» газеті сонымен бірге Қазақстан президентін сынға алғаннан кейін қызметінен айырылған Төтенше жағдайлар бойынша агенттіктің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділовке қарсы қысым шаралары онан әрі жалғасып отыр деп есептейді. Мысал ретінде, мамырдың бірінде республика алаңына президенттің соңғы кезде жүргізіп отырған қоғамдық-саяси жұмыстары туралы пікір алмасқысы келген Заманбек Нұрқаділовті ОМОН әскерлері қоршап, орталық трибунаға жолатпай қойған. «Онымен қоймай арнайы дайындалған бұзақы топтар шіріген жұмыртқа лақтырып, бейбастық көрсетті. Тіпті тығыншықтай бір әлеуетті жігіт жұдырық ала жүгіріп, халықшыл тұлғаны қорқытпақшы да болды», - дейді «Азат» газеті.
Ал «Заң» газеті бүгінде Қазақстанның сот жүйесін ізгілендіру шаралары жүріп жатқанын айтады. Мысалы, Әділет министрі Оңалыс Жұмабеков түзеу мекемелері ғимараттарын жақсарту бойынша құрылыс жұмыстарының басталғанын тілге тиек етіпті. Әйтсе де, «Экспресс К» газеті жақында ғана әлемдік талаптарға сай жөндеуден өткен Алматыдағы бір абақтыдан алғаш рет екі қылмыскердің қашып кеткенін хабарлайды.
Ал «Заң» газеті бүгінде Қазақстанның сот жүйесін ізгілендіру шаралары жүріп жатқанын айтады. Мысалы, Әділет министрі Оңалыс Жұмабеков түзеу мекемелері ғимараттарын жақсарту бойынша құрылыс жұмыстарының басталғанын тілге тиек етіпті. Әйтсе де, «Экспресс К» газеті жақында ғана әлемдік талаптарға сай жөндеуден өткен Алматыдағы бір абақтыдан алғаш рет екі қылмыскердің қашып кеткенін хабарлайды.