Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04-16-2004


Мерзімді басылым беттерінде Қазақстанның Коммунистік партиясы төңірегіндегі қазіргі жағдай мен бірінші вице-премьерГригорий Марченконың отставкасы түрлі пікір туғызуда.

“Начнем с понедельника” газетінде сенатор Уәлихан Қайсаров бірінші вице-премьердің қызметтен кетуін президенттің жуырда жасаған жолдауымен байланыстырады. “Экономикалық жағынан біліксіз және негізсіз жолдауды бүгінгі күнде орындау мүмкін емес. Сондықтан, осындай ауыр жүкті тәжірибелі экономист арқалағысы келген жоқ”, - дейді сенатор Қайсаров “Начнем с понедельника” газетінде.

“Караван” апталығы Марченконың оставкасына Үкіметтің тұрғын үй салу концепциясы мұрындық болды деп есептейді. Газеттің мәліметтеріне қарағанда, тұрғын үй бағдарламасының әуел баста екі нұсқасы болған: “Біріншісі – алдымен тек апатты үйлерде тұратын, өз беттерімен үй алуға мүмкіндіктері жоқ азаматтарға ғана бюджеттен ақша бөлу, екіншісі – ипотекалық және тұрығын үй құрылысы жинақтаушы жүйесі арқылы сатып алынатын үйлердің құрылысқа бюджеттен қаржы құю”. Экс-вице-премьер бірінші нұсқаны қолдаған. Ал екінші концепция мақұлданған үкімет мәжілісіне “Марченко ашықтан ашық қатыспағанын байқатқан”, - деп хабарлайды “Ассанди таймс” газеті. Басылымның үкіметтегі ақпарат көзі бірінші вице-премьер 4 миллиард доллардан сәл асатын қаржы жинақталған Ұлттық қордан тұрғын үй құрылысына қаржы бөлуге қарсы болғанын айтқан. “Ассанди таймс” газеті рейлік басылымдарға сілтеме жасай отырып, “Марченко тәжірибелі қаржыгер ретінде ол ақшаның қаншалық тиімді жұмсалатындығын, ең бастысы тұрғын үй салу бағдарламасының артында кім тұрғанын біледі”,- дейді. “”Қазақстанда президенттің кіші қызы Әлия Назарбаева ірі “Элитстрой” құрылыс компаниясын бақылайтыны, ал ортаншы қыздың күйеуі, ықпалды қазақстандық олигарх Тимур Құлыбаевтың өзінің әкесі, бұрынғы құрылыс минситрінің іскерілік мүддесімен байланыстылығы, оның құзырында Қазақстандағы бірнеше құрылыс компанияларының бақылау акциялары бар екені мәлім”, - дейді “Ассанди таймс” газеті.

Сонымен бірге осы газетте Қазақстан коммунистерінің Қазақстан президентін отставкаға кетуін ұсынып қана қоймай, президенттік сайлауға дайындықтарын бастап кеткендерін хабарлайды. Партияның орталық комитетінің бірінші хатшысы Василий Шамин Қазақстан “президентін сайлаудың мерзімінен бұрын өтетіндігіне негіз бар” екендігін айтыпты. Оның сөзіне қарағанда, пленумның бұл шешіміне Коммунистік партия арасындағы іріткі еш әсер етпеген. “Керісінше біздің ынтымақтастығымызды одан сайын арта түсті”, - дейді коммунистік партияның Орталық комитетінің бірінші хатшысы.

Әйтсе де, “Новое поколение” басылымы “Коммунистік партия парламенттік сайлау алдында қатты сүрінді”, - деп есептей отырып, “Компартияны кім ыдыратты?” деген сауалға жауап іздейді. Мақала авторының пікірінше, “қазір Қазақстанның Демократиялық таңдауы бірлестігіне қарасты бұқаралық ақпарат құралдары коммуниcтердің арасына іріткіні биліктегі оппоненттері салды дегенді бар күштерімен дәлелдеуге тырысуда”. “Бірақ тіптен олардың өздері іріткінің негізгі себебін, яғни, енді радикалды оппозиция деп тек Қазақстанның Демократиялық таңдауы бірлестігін атауға болатындығын, наразы көңіл күйдегі электорат бірден соларға қарай ауып кететіндігін айтып қалуда. Сондықтан, жақында коммунистерді қожырату кімге қажет деген сауалға жауап бәріне белгілі болады”, - деп тәмамдалады “Новое поколение” газетіндегі мақала.

Алайда, “Қазақстан газеті”: “Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитеті биліктің тарапынан ұйымдастырылған “Компартияны ішінен іріту” атты операциясы жүзеге аспай қалғаны жайлы мәлімдейді”, - деп жазады. Дегенмен, соңғы кездері осы партияға қатысты қысым күшейіп отыр екен. “Биліктің енді қандай әрекеттер жасарын ұғыну үшін көп ақылдың қажеті жоқ”, - делінген “Қазақстан” газетінде. “Қазақстан коммунистік партиясының “қатары азайып, кейбір бөлімшелері жұмысын тоқтатты” деген желеумен Әділет министрлігі тіркеуден өткендігі туралы лицензиясын қайтарып алмақ. Нәтижесінде Компартия саяси күш ретінде қызметін тоқтатып, күздегі парламент сайлауына қатысу мүмкіндігін жоғалтпақ”, - деп жазады “Қазақстан” басылымы. Газет мәліметтеріне қарағанда, жаңадан құрылып жатқан “Қазақстан Республикасы коммунистік партиясын құру жөніндегі ұйымдастыру комитеті президент әкімшілігінің жоспарлауымен жұмыс жасап жатқандығы күдік тудырмас мәселеге айналыпты”. Ал “Казахстанская правда” газетінде жасақаталып жатқан партияны ұйымдастыру комитетінің теңтөрағасы Владислав Косарев “егер адамдар сенім білдірсе”, келесі парламенттік сайлауға қатысатындығын айтыпты.
XS
SM
MD
LG