Accessibility links

“Ақ жол Қазақстан”, “Караван”, “Новое поколение”, “Ассанди таймс”, “Казахская правда”


Президенттің отставкаға кетуін талап етіп, екі күннен кейін қызметінен босаған Заманбек Нұрқаділовтің төңірегінде қалыптасқан жағдай республикалық басылымдарда әлі де түрлі пікір туғызуда.

“Төтенше жағдайлар агенттігінің бұрынғы басшысының шұғыл мәлімдемесін тек қызуқандылық деп бағалау аңғалдық болар еді”, - дейді “Новое поколение” газетінде журналист Сергей Козлов. “Оған қоса оны танитын адамдар оның аумалы-төкпелі қызметінде талай рет байқатқан “бақай есепке сезгіштігін” айтады. Мақала авторының пікірінше, Нұрқаділовті мұндай мәлімдеме жасауға оның “оның қанағат таппаған орасан зор амбициясы итермеледі”.

“Караван” апталығы болса, Сенаттың жаңа спикері Нұртай Әбіқаевтің Заманбек Нұрқаділовтің мәлімдемесін “оң аяғынан тұрмағанын адамның сандырағы” деп бағалағанын, ал агенттіктің қазіргі басшысының “Нұрқаділовтің кәсіби деңгейінің төмендігін, күндіз де ішетіндігін” айтқанын тілге тиек етеді. “Олардың бұлай көздері ашылғандары бір жағынан қуантады. Бірақ неге ол адамның өз орнында еместігінің анықталуына үш жыл кетеді? Лайықсыз төраға ол орынға қалай тап болды? Өзін-өзі тағайындаған жоқ шығар. Төтенше жағдайлар бойынша агенттік жеке меншік компания емес қой? Оған қоса өзінің кәсіби деңгейінің төмендігіне қарамастан, сол орында қалайша үш жыл отырған?” - дейді “Караван” апталығы. Ал Заманбек Нұрқаділов “Ақ жол Қазақстан” газетіндегі “Сатқындар көбейген сияқты” деген сұқбатында премьер-министр Даниал Ахметовті, өзінің бұрынғы орынбасары, Төтенше жағдайлар агенттігінің қазіргі төрағасы Нұрахамет Бижановты және олардың сөзін таратқан “Хабар” агенттігін “ар-намысымды аяққа таптады” деп, сотқа беріп жатқандығын мәлімдепті. Онда ол “Үкімет басшысынан 777 миллион теңге (қасиетті сан), “Хабар” агенттігінен 666 миллион теңгені (сайтанның саны), Бижановтан 111 миллион теңге (үш рет ақымақ дегенді аңғартатын) ақшаны талап ететінін” айтыпты.

“Казахская правда” газеті болса, “Назарбаевты қаралайтын материалдар оның сейфінде бұрыннан бері жатты емес пе? Неге оның барлығын Нұрқаділов бұрын емес, дәл қазір шығарды? Дәл осындай сұрақтарды оған электораттың қояры даусыз. Алдағы сайлаулар – оның жалғыз үміті. Бірақ онысы ақталар қояр ма екен?” – дейді. Бұл сауалға Заманбек Нұрқаділовтің өзі “Ассанди таймс” газетінің бетінде былай жауап беріпті: “Мен депуаттыққа сайлауға түспеймін. Парламентке деген сенім болған кезде ғана депутаттыққа бақ сынауға болар еді. Ал бүгінгідей төменгі палатаның спикері президенттке жағыну үшін “Отан” партиясына барғанын түсіне алмаймын... Жоғары палата спикерлігіне Нұртай Әбіқаевтің келуі парламентті мүлдем қолдан басқарылатындай етті. Парламентке қандай депутат келмесін, оның бірдеңе жасай қоюы күмәнді”, - деп есептейді Заманбек Нұрқаділов. Сонымен бірге ол өз сұқбатында мәлімдеме жасауда “Ақ жол” партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбаевпен ымыралсты деген күдікке орай пікірін білдіреді. Оның айтуына қарағанда, Сәрсенбаевпен кездеспегеніне бірнеше жыл өтіпті. “Мен жақында ғана оны теледидардан көрдім. Арықтап кеткенін байқадым. Жалпы алғанда менің онымен байланысым жоқ”, - дейді Нұрқаділов. Ол өз сұқбатында “қызметімнен босатпас бұрын менің өтірік айтып тұрғанымды дәлелдеп, Назарбаев “Отан” партиясының съезінде барлығын жариялы түрде жоққа шығаруы тиіс еді” деп есептейді. Оның айтуынша, “егер ол қойылған барлық сауалдарға жауап бергенде, ел де оның шын мәнісінде жақсы президент екендігіне көздері жетер еді. Мен де оны түсінер едім”, - дейді. “Сізді елден кетіруге тырсады деп қорықпайсыз ба?” деген сауалға ол Қазақстан “оның елі ғана емес, өзінің елі де екендігін, егер президент пен өз рейтингісін салыстырса, ұпайы жоғары болатындығын” айтады. Сондай-ақ осы газетте Демократиялық таңдау қозғалысының бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов те соңғы кезде интернет сайттарында “Әблязов Америкаға кетіп, жаңа саяси бірлестік ашты” деген ақпараттарға орай өзінің “Қазақстан азаматы екендігін, отанын тастап кетуді ойлаймайтындығын” жеткізген мәлімдемесі жарық көрген. “Егер мен белгілі-бір саяси шешім қабылдайтын болсам, онда бұл жөнінде ашық айтатын боламын. Менің қазіргі бизнесім біздің еліміздің шеңберінен шығып кететіндіктен, көп уақытымды шет елдерде, оның ішінде Америка Құрама Штаттарында өткіземін”, - дейді Мұхтар Әблязов.
XS
SM
MD
LG