Accessibility links

“Аргументы и факты Казахстан”, “Известия Казахстан”, “Азат”, “Экспресс К”, “Қазақ елі”, “Правовой вестник”, “Ақ жол Қазақстан”


Мерзімді басылым беттерінде оппозиция лидері Ғалымжан Жақияновтың жарыққа шығуға әзірленіп жатқан “Дәуірмен бетпе-бет” кітабынан Қазақстандағы мұнай кеніштерін шетелдіктерге беруде жемқорлық пен сыбайластықты әшкерелейтін, әрі экс-премьер Әкежан Қажыгелдинге қатысты тұстары үзінді ретінде берілген.

Қазақстанда бірқатар білім ордаларында сыбайластық пен жемқорлықтың бар екендігін Білім беру және ғылым министрлігінің жоғары білім бойынша департаментінің директоры Болатбек Әбдірасылов “Известия Казахстан” газетінің бетінде мойындайды. Оның айтуынша, бұл ыңғайда “студенттер ортақ тестілеуден өтіп, бұл процесті тәуелсіз комиссияның бақылауы” сияқты іс-шаралар оны жоюға бағытталған. Әбдірасылов мырзаның сөзіне қарағанда, “келесі оқу жылынан бастап, жоғары оқу орындарына тапсыру жаңа жүйе арқылы өтеді”. Яғни, Қазақстандағы білім беру жүйесін бакалавриат және магистратура деп бөлінетін екі деңгейлі жүйеге көшіру көзделіп отыр.

Алайда, “Кемшіліктер түзелмей, реформа жүзеге аспайды” деген мақалада педагогика ғылымдарының докторы Совет-Хан Ғаббасов “Азат” газетінің бетінде министрлік әзірлеген “Қазақстан республикасының 2015 жылға дейінгі білім беру тұжырымдамасын” сынға алады. Мақала: “Айтылған кемшіліктерді 2007 жылға дейін түзетіп алғаннан кейін ғана ұрпақ тәрбиесі мен білім берудің реформасын ойластыру жөн болмақ. Әйтпесе, адам тәрбиесін саяси ойынға айналдырып, ұрпақ тәрбиесін эксперименттеуге ешкімнің құқы жоқ!” – деп тәмамдалады. Ал осы газетте Демократиялық таңдау қозғалысының лидері Жақияновтың жарыққа шығуға әзірленіп жатқан “Дәуірмен бетпе-бет” атты өмірбаяндық кітабынан үзінді жарияланған. Онда ол президент сайлауы қандай сценарий арқылы өткенін, шикізат саласында жекешелендіру қандай кемшіліктермен жүзеге асқанына тоқталады. Оның айтуына қарағанда, президент Нұрсұлтан Назарбаев шикізат ресурстарының талан-таражға салынғанына “алаңдап жүрген”. “Бірақ қатты қиымылға бармады, талан-таражды тоқтатпады. Заң орындарының тергеуіне бермеді. Бір рет қана Назарбаев ашуға булығып, тереңірек тексеруге нұсқау берді”, - дейді Жақиянов. Онда президент сол кездегі премьер-министр Әкежан Қажыгелдин мен американдық аудиторлық фирмалар арасындағы құпия хаттар толы құжаттарды табыстайды. “Көзіме түскен біреуін “Пеппер Хамилтон” консультациялық фирмасының хатын оқыдым. Бұл фирма Қажыгелдинге жазған “конфиденциалдық” хатында 100 миллон доллар туралы айтыпты. “Дұрыс” жекешелендіруден түскен осы соманы парламенткте білдірмей, өзара бөлісудің жолын жазыпты”, - деп баяндайды Ғалымжан Жақиянов. Тексеру барысында Шымкенттің мұнай өңдеу зауыты мен Құмкөл мұнай кенішін жекешелендірудің Қазақстан заңдарына титтей де сәйкес келмегені, олардың тым арзанға, соның өзінде қарызға сатылғаны анықталған. Тексеру нәтижелерін баяндап жазған сол кездегі стратегиялық ресурстар жөніндегі агенттіктің төрғасы Ғалымжан Жақияновтың президентке арнаған хатынан ешқандай нақты нәтиже болмайды. “Не құқық органдары, не прокуратура(оларға да ақпаратты бергенбіз) ауыздарын ашпады”, - деп жазады Жақиянов.

Бір ғасыр бұрын қалай болса, бүгінде мұнай бойынша саяси ойын, адал емес бәсекелестіктің бар екенін тілге тиек етеді президент Нұрсұлтан Назарбаев “Правовой вестник” газетінде жарияланған Интерфакс агенттігінің атқарушы директоры Дмитрий Воскобойниковке берген сұқбатында. Назарбаевтың сөзіне қарағанда, “Каспий мұнайының ағыны ОПЕК-тің қуатын әлсіретіп, оның жоғары бағаны сақтау және мұнайды саяси бопсалау құралы ретінде қолдану қабілетіне әсер етеді”. “Сондықтан, мен Каспий жағалауындағы мемлекеттерге уақтылы өз ұйымын құруды ұсынған болатынмын. Өкіншке орай, бұл ұсыныс өз мәнінде қолдау таппай отыр”, - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

“Астана қаласында мұз қалашығын салуға қала қазынасынан 25 миллион теңге бөлінгенін естігенде жүрегі әлсіздеу пенделердің шалқасынан түсуі ғажап емес. Үш-төрт айдан кейін су болып ағып, көшені көлге айналдыратын осы ғимараттарды салуға бөлінетін қаржы жыл сайын көбейіп келеді. Мұз қала үшін жұмсалған қаржының көшіп келіп, қаңтарылып қалған қанша қандастарымызға үй салып беруге жететінін есептеп шығу қиын емес”, - дейді Өмірбайұлы “Қазақ елі” газетінде. “Шынын айтуы керек, Қазақстан тапқан-таянғанын ауылға емес, астаға салып жатыр. Мәселен, 2002 жылдың 1-ші қаңтарында президент жарлығымен Есілдің жағалауында “Астана – жаңа қала” экономикалық аймағын құру үшін 31,8 миллиард теңге бөлінсе, биыл оны 58,5 миллиард теңгеге арттыру жоспарланып отыр. Ал ауылға өткен жылы 40 миллард теңге бөлінді”, - дейді ереғайып Қуатайұлы “Ақ жол Қазақстан” газетінің соңғы санында.

“Бұрынғы Қазақ кеңестік социалистік республикасының жастар одағының дүние-мүлкіне қатысты істе жаңа фактілердің беті ашылып, ”1996 жылы құрылған “Қазақстан жастар одағы” заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Есенжол Алияровқа қатысты қылмыстық істің қайта қозғалғанын хабарлайды “Экспресс К” газеті.

“Аргументы и факты Казахстан” басылымында Қазақстандағы зейнетақы реформаларын талдауға арналған көлемді мақала жарық көрген. 2001 жылғы әлеуметтік зерттеу қазақстанда тек әр бір бесінші тұрғын ғана жинақтаушы зейнетақы қорларына салған салымдарын алатынына сенетін болып шығыпты.
XS
SM
MD
LG