Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді баспасөз беттерінде 2003 жылғы Қазақстан президентінің рейтингісі, халық саны мен өлім жазасы туралы қоғамдық пікірлер бойынша зерттеулер қорытындылары талданған мақалалар жарық көрді.

Республикалық газеттердің соңғы сандарында биылғы жылы түрлі бағытта жүргізілген зерттеулердің нәтижелері берілген.

«Экспресс К» газеті Статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйене отырып, 2003 жылы қазақстандықтардың саны 81 мың 900 адамға артқанын жазады. Желтоқсанның біріне дейінгі мәліметтер бойынша, бүкіл республика жамиғаты 14 миллион 944 мың 400 адамды құраған. «Шын мәнісінде қазақстандықтар бұдан да артық болуы мүмкін, - деп есептейді Статистика агенттігінің әлеуметтік және демографиялық статистика департамент басшысы орынбасары Ерболат Мұсабек,- Өйткені, биылғы жылы келген оралмандардың барлығы бірдей тұрғылықты жерінде тіркелмеген». Оның айтуына қарағанда, Қазақстаннан кетушілерден гөрі келушілер саны артық. «Келушілер ТМД елдерінен, әсіресе, Ресей мен Өзбекстаннан көп. Эмигранттар саны былтырғы жылғы қаңтар-қараша аралығындағы мерзіммен салыстырғанда, 41 мың 967 адамға қысқарған».

«Бүкіл өткен жыл бойында Мемлекет басшысына қатысты қоғамдық пікірді зерттеуге және оған деген қазақстандықтар сенімін анықтауға бағытталған бірқатар социологиялық өлшемдер жүргізілді», - деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті «Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар көзімен» деген бас мақаласында. «Қорытындылар 2003 жылдың көктемі мен жазында қазақстандықтардың ел президенті Назарбаевқа деген сенім деңгейінің орташа алғанда 72-73 пайыз құрағанын көрсетіп отыр». «Таяуда жүргізілген жалпы республикалық әлеуметтік сауалнама мәліметтеріне сәйкес жыл аяғына таман ол көрсеткіш 86 пайызға дейін өскен. Және сенім дәрежесі бүкіл ел бойынша біркелкі сипат алған», - деп мәлімдейді «Егемен Қазақстан» газеті. Әрі қарай авторы көрсетілмеген бұл мақалада «президент рейтингінің жоғары болуының алғышарттары бар екендігі» айтылады. Мақалада әлеуметтік зерттеулер қорытындылары нақты қандай орталықтан алынғаны айтылмаған.

«Казахстанская правда» газеті жаңа жыл қарсаңында көп күттірген Алматы әуежайының жаңа ғимаратының құрылысы тәмамдалғанын хабарлайды. Онда Назарбаев «құрылыстың біршама созылып кеткендігін, алайда, жұмыс барысында әуежайды әлемдегі ең жақсы жабдықтармен қамтамасыз етіп, қазіргі талаптарға сай жасау қажеттілігі туындағанын» айтыпты. Ал «Известия Казахстан» газетінің тілшісі Ирина Галкинаның айтуынша, «жаңа әуежайдың алғашқы тасы 2000 жылдың 14-ші желтоқсанында қаланған. Тек 2004 жыл қарсаңында ғана көп қасірет шеккен эпопеяның аяқталғаны белгілі болды». «Құрылыс жүрген уақыт аралығында жаңа ғимарат құны бастапқыда көрсетілгендей 24 миллион доллар емес, 52 миллион долларға шыққан», - дейді мақала авторы. Сондай-ақ осы газеттегі «Мәңгілік отыру» деген мақалада «Қазақстанда ресми түрде өлім жазасы мәңгілік түрмеде отыру жазасымен алмастырылатынын» жазады. Өзгеріс енгізетін заң жобасына Парламенттің жоғары палатасында бір ғана депутат Уәлихан Қайсаров қарсы болыпты. Мақала авторы «біздің қоғамымыз жоғары жазалау түрін алып тастауға қалай қарайды?» - дей отырып, Әділет министрлігі жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелерін ұсынады. Онда 2003 жылы өлім жазасын алып тастауға қарсылар саны былтырғымен салыстырғанда азайғаны көрсетіліпті. Алдыңғы зерттеуде қазақстандықтардың 69,4 пайызы қарсылық танытса, соңғысында олардың қатары 60 пайызға дейін сирепті. Алайда, «Казахская правда» газеті осы мәселеге орай оқырман хатарына орын береді. Тараз тұрғыны Жолманов: «Жұмыста да, үйде де оққағарлары бар, өзі қаруланғандарға жақсы. Ал біз не істеіміз? Енді адам өлтірушілердің кімді, қашан, қалай өлтіреміз десе, өздері білетіндіктеріне сенмімдімін», - дейді. Оның айтуынша, «барлық жағдайда Батысқа еліктей беруге болмайды. Оларда заң дегеніміз – заң, полицейлердің де кәсіби деңгейі жоғары. Ал бізде полицейлердің, тіпті жоғары шенді шенеуніктердің арасында адам өлтірушілер аз ба?» Газет өз тарапынан: «мораторий өлім жазасын шегере тұрады. Ал содан кейін ше? Өлім жазасына кесілгендер жазасын тарта ма, әлде өмір бақи жазасын өтеу орындары әзір болғанша, күте тұра ма?» - дейді.
XS
SM
MD
LG