Accessibility links

Қамаудағы журналист Сергей Дуванов Алматы қаласындағы тәртібі жеңілдетілген колонияға ауыстырылуда.


Желтоқсанның 30-ы күні сот шешіміне сәйкес қамаудағы журналист Сергей Дуванов Алматы қаласындағы тәртібі жеңілдетілген колонияға ауыстырылуда. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосының тілшісіне Адам құқығы бойынша халықаралық бюро жетекшісі әрі Дувановтың қорғаушысы Евгений Жовтис хабарлады. Оның айтуына қарағанда, «Қазақстан заңнамасына сәйкес жазасын өтеу мерзімінің үштен бірін өткерген тұтқын түрмедегі тәртіптің өзгерітілуіне өтініш жасауға құқылы».

Осыған орай Сергей Дуванов желтоқсанның 26-да жазасын өтеу уақытының үштен бірін өткергендіктен, осындай мазмұндағы өтініш жасаған. Оны түрме әкімшілігінегі арнайы комиссия қарап, Қапшағай соты оң шешім қабылдапты. «Тәртібі жеңілдетілген колонияны кеңес уақытында «химия» деп атайтын, яғни, ол күні бойы белгілі-бір кәсіпорында жұмыс істеп, кешқұрым колонияға оралады. Бұл - жалпы режимдегі түрме мен уақытынан бұрын босатылу арасындағы өтпелі кезең», - дейді заңгер.

Яғни, «осыдан кейін Дуванов жазасын уақытынан бұрын өтеп, еркіндікке шыға алады». «Біздің білуімізше, сейсенбі күні кешке дейін ол Алматы қаласындағы колонияға әкелінуі тиіс», - дейді құқыққорғаушы. «Өйткені, тәртібі жеңілдетілген колония біздің ауданымызда екеу ғана, бірі – Алматыда, екіншісі одан шеткерірек аймақта орналасқан Заречныйда. Заречныйдан ол өзін-өзі қамтамасыз ететіндей жұмыс тауып беру қиын», - деп есептейді Евгений Жовтис.

«Сергей Дуванов психологиялық тұрғыдан алғанда, өз-өзіне сенімді, жағдайы қалыпты, ал оның денсаулығы туралы оны медициналық сараптамадан өтізгеннен кейін ғана айтуға болады», - дейді Евгений Жовтис.

Соңғы кезде интернет сайттарында Сергей Дувановтың абыройы тапталып, зорлық-зомбылық пен қорлық көрді деген хабарға орай құқық қорғаушы былай деді:

«Сайтта жазылғандардың барлығы шындыққа жанасымды емес. Қиындықтар ол түрмеге алғаш келгенде, сонан кейін мамыр айында болды. Бірақ оларға артық назар аударту бізге қосымша қиындық тауып берер деген оймен әрекет еттік. Бұл - оның өтініш болатын. Ол журналистермен кездескен кезде бұл мәселені мән-жайын өзі баяндап береді», - дейді құқық қорғаушы.

«Алайда, оған ұдайы психологиялық қысым көрсетіліп, зорлық-зомбылық жасалды деп айта алмаймын», – дейді Евгений Жовтис.

Келесі жылы Дуванов бостандыққа шығуы мүмкін бе? «Бұл мәселе шешімінің екі нұсқасы бар», - дейді Жовтис мырза. «Біріншісі – Сергей Дуванов Жоғары сотқа қадағалау шағым арызын жазған болатын. Соған сәйкес бұл арыз Алматы облыстық сотына жіберілген. Оның нәтижесі сәрсенбі күні немесе жаңа жылдың алғашқы күндері шығуы тиіс. Содықтан, қадағалау арызына орай Дувановтың ісі қайта қаралуы мүмкін». Екіншіден, «заң бойынша, тұтқын жазасының тең жартысын өткерген жағдайда уақытынан бұрын еркіндікке шығуға өтініш жасай алады». Яғни, мамыр айында Дуванов жазасын өтеу мерзімінің жартысын өткеріп, уақытынан бұрын түрмеден шығуы мүмкін деп есептейді Евгений Жовтис.
XS
SM
MD
LG