Accessibility links

Бауыржан Мұхамеджанов: Қазақстанның 150 заңына өзгерістер мен толықтырулар қажет


Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттікті бөлісу және бюджетаралық қарым-қатынасты жетілдіруге байланысты Қазақстанның 150 заңына өзгерістер енгізілуі қажет деді дүйсенбі күні президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бауыржан Мұхемеджанов. Бұл мәселе бойынша ол «Азаттық» радиосына былайша түсіндірме берді: «12 жыл бойы біз көп заңдар жаздық қой. Қазір солардың ішіне өзгерістер енгізу керек».

Оның айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесі 2 мыңға жуық функцияны қамтиды. «Сол функцияларды қарадық: қайсысы ауданға, қайсысы облысқа кетіп, қайсысы министрлікте қалуы тиіс?! Сол функциялар заңда жазылған. Яғни, сол заңдарды қайта қарау керек. Мен дәл қай функция мемлекеттік басқарудың қай деңгейінде қалатындығын айта алмаймын. Бірақ сондай жұмыстар істеліп жатыр».

Бауыржан Мұхамеджанов бұл мәселенің қоғамды демократияландыру бойынша Тұрақты кеңестің соңғы отырысында кеңінен қаралғанын тілге тиек ете отырып, заңға өзгерістер енгізілмеген жағдайда «онда айтылғанның барлығы бос сөз болып қалады. Сондықтан, біз өз ұсыныстарымыздың барлығын даярлаймыз, сонан кейін ғана олар жаңағы 150 заңға кіреді».

Өзгерістер енгізілуі мүмкін маңызды заңдар қатарына президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бауыржан Мұхамеджанов мынандай заңдарды жатқызады:

«Салық, кеден заңнамасы, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы, бюджетаралық қарым-қатынастарды реттейтін заңдар.Осылардың барлығын қарасақ, барлығына да өзгерістер керек… Бірақ бұл жұмыстар бүгін-ертең бітейін деп тұрған жоқ. Бір-екі жыл өткеннен кейін сол заңдарға өзгерістер енгізу керек».

Ал парламент мәжілісінің депутаты Ғани Қасымовтың айтуынша, парламентке ұсынылған «Өзін-өзі басқару туралы» өзекті заңның өзі қабылданбай тұрып, басқа заңдарға өзгерістер енгізу мәселесін қозғау ертерек».

Оның сөзіне қарағанда, «бұл заң 1995 жылы Конституцияға толықтырулар енгізілгенен кейін 2 жыл аралығында қабылдануы тиіс болатын. Алайда, оның қабылданбай жатқанына 8 жыл».
XS
SM
MD
LG