Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда жуық арада Қазақстан өзінің тұңғыш ғарыш серігін әзірлеп, ғарышқа жіберетіндігі туралы хабар, “Қазақстан үкіметі коалициялық па?” деген мәселе төңірегінде пікірлер айтылатын мақала және тағы басқа саяси-экономикалық мәселелерге арналған материалдар жарық көрді.

Бірқатар қазақстандық басылымдар соңғы сандарында Қазақстан жуық күндері өзінің жеке ғарыш серігін жасап, шамамен желтоқсан айында оны ғарышқа жіберетіндігін жазады.

“Известия Казахстан” басылымының мәліметтеріне қарағанда, бұл жобаға Королев атындағы “Энергия” зымыран-ғарыштық корпорациясы, француздық Alkatel Space сияқты аты әлемге әйгілі ірі ғарыш кәсіпорындары қызығушылық танытуда. Өйткені, “мамандардың айтуынша, Қазақстанның ғарыштық “тұңғышының” құны 50 миллионнан 130 миллион АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін”.

“Ал “отандық теле және радио хабар таратушылар бөтен елдің ғарыш серігін жалға алғаны үшін жыл сайын 30 миллион доллардай төлейді. Жыл сайын төлемақының құны өсе түскен. Мамандар алдағы жылдары оның көлемі 45 миллион долларға жетуі мүмкін деп топшылап отыр”, - дейді “Экспресс К” газетінің тілшісі Николай Хотинов “Үкімет аппараты” деген мақалада.

Сондай-ақ осы газеттегі Денис Дионисовтің мақаласында салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлтық орталағының директоры Айқан Ақанов Қазақстанда 235 мың маскүнем бар екенін айта келіп, маскүнемдікпен күресу үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлегенін, оның “жақын уақытта премьер-министрдің үстелінде жататындығын” айтады.

Ал осы уақытта келесі бір азамат тағы бір қоғам дертімен – нашақорлықпен күресуге бел шеше кіріседі. Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетов: “Әкімдер мен жергілікті басшылары аймақтардың әлеуметтік сауығуына үлкен назар салып, нашақорлықтың зияны туралы түсіндірме жұмысын жүргізіп, салауатты өмір салтын насихаттап, спортты дамытулары қажеттігін” кезекті отырысында айтып, нақты тапсырмалар бергенін жазады “Казахстанская правда” газеті.

“Новости недели” газетінің редакциясы Қазақстан үкіметінің түрлі партия өкілдерінен құралатын коалициялық сипатта болуын тілге тиек етеді. “Бүгінгі күні “Ақ жол” партиясында ресми түрде үш министр мен бір қызметтегі елші бар. Оған қоса үкімет арасында президентке бағынышты басқа партия мүшелері де бар”, - дейді “Новости недели” газетінің тілшісі Асқар Омаров. Алайда, “қазіргі үкіметті коалициялық деп атауға мүлдем болмайды”, - деп жауап берген газет тілшісіне президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев. Оның айтуынша, “кейбір мемлекеттік қызметкерлердің оппозициялық болып табылатын, президент Назарбаевтың әлеуметтік-экономикалық жалпы бағытын қатты сынға алатын “Ақ жол” партиясының съезіне қатысуы мүлдем болдырмайтын нәрсе. Мемлекет есебінен оппозиционер болу – тұрпайы айтқанда, тым семіздік”. “Егер саяси құштарлықсыз өмір сүре алмайтын шенеуніктер болса, онда президенттің бағытын ашық қолдайтын үкіметтік партияларға кірсін”, - дейді президенттің кеңесшісі.

“Заң газеті” алғаш ұлттық валюта айналымға енген кезде Ұлттық банкті басқарған Ғалым Байназаровпен сұқбат ұсынады. Онда ол теңгенің құнсыздануына әсер еткен бір мәселені тілге тиек етеді. “Біз сол кезде теңгені 1: 1000 дәрежесін жобаладық, алайда, үкімет келіспей, 1: 500 мөлшерін ұсынып отырып алды. Ақырында бұл теңге бағамының құлдырауына әсерін тигізді”, - дейді Байназаров мырза. Сондай-ақ, ол ортақ валюта енгізу туралы мәселесінің қойылуын әлі ертерек деп есептейді. Оның атуынша, ортақ валютаға көшу үшін соған мүдделі елдердің экономикасы бірдей болуы тиіс.

“Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі Асқар Тұрапбайұлы “Теңгенің тегеуіріні” деген мақалада “қазіргі таңда Ресей экономикасының жоғары қарқынын, яғни, экономикасының жалпы ішкі өнімге шаққандағы өсімі 7 пайыз екенін айта келе, “еуроазия аймағында рубльдің ортақ валюта роліне көтерілуге мүмкіндігі зор” деген қорытындыға келеді.

“Аргументы и факты Казахстан” басылымы Әділет министрлігі әзірлеген “Дүние-мүлікті жариялауға байланысты рақымшылық жасау туралы” заң жобасы төңірегіндегі талқылауды жалғастырады. Осы министрліктің тіркеу қызметі комитеті төрағасы қызметін атқарушы Нұрлан Ыбырайымның мәліметтеріне қарағанда, “Қазақстан экономикасында, дүниежүзіндегі сияқты құжаттары дұрыс реттелмеген 30 пайыз дүние-мүлік бар. Мысалы, мемлекет ауқымында иелік ету құқығы тіркелмеген жылжымайтын мүлік саны 1 074 000-ға жетеді.” Министрлік қызметкерінің айтуынша, “капиталды жариялау нәтижесінде еліміз банк депозиттеріне 480 миллион доллар алды. Ал енді жаңа заң жобасы бойынша, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің ақпараттарына сүйенсек, жариялауға кететін шығындарды алып тастағанның өзінде салық түрінде жылына 3,5 миллиард теңге табыс келеді”.
XS
SM
MD
LG