Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылым беттерінде Дариға Назарбаеваның “Асар” саяси партиясын құруының себеп-салдарын анықтауға арналған талдау мақалалар жарық көріп, оның бірінде болашақтағы президент сайлауында Дариға Назарбаеваға президенттің екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаев бәсекелес болады деген болжам айтылыпты.

Қазақстандық апталық газеттердің басым көпшілігі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариғаның саяси партия құруының себеп-салдарын талдапты. Мәселен, “Жас қазақ үні” газеті “Назарда тұрған Назарбаева” деген мақалада бұл партия Қазақстанның демократиялық таңдау қозғалысына, Коммунистік және “Ақ жол” партиясына қарсы құрылған күш деген сарапшылардың пікірі бар екендігін айта отырып: “Бірақ бір нәрсе айқын - дейді, - Халық арасында биліктің ықпалы әлсіреп барады. Сондықтан, бір ортаға шоғырланып, жаңа бір идеология жасайтын және оны қалыптастыра алатын бір тұлға керек. Бұл – Дариға Назарбаева”.

“Алайда, - деп жазады әрі қарай газет тілшісі Еркін Қалдан, - ұлттық дәстүрді алға тартып, “жұмыла жүк көтеруді” мақсат етіп отырған партияда Дариға Назарбаевадан басқа мықты тұлға жоқ”. Ал әзірге “ұлттың санасына “Хабар” мен “Ел арнада” жиі беріліп жатқан Асар ұғымына байланысты қазақы жарнама ғана жақын болып тұр”, - деп мақаласын тәмамдайды “Жас қазақ үні” газетінің тілшісі.

Ал “Ақ жол” партиясына қарасты “Ақ жол Қазақстан” газетінің тілшісі Ержан Байтілес “Қыз ұзату “Асарға” жатпайды” деген мақаласында “Асар” партиясының құрылтай съезінен репортаж жасай отырып былай дейді: “Сөз арасында төрайым: “Өзім ауылда атам мен әжемнің қолында өстім. Солармен ілесіп, талай асарларға қатыстым. Мысалы, киіз басу, қыз ұзату деген сияқты”, - деді. Рас, ауылда кемпір-семпірлердің, қыз-келіншектердің басын қосып киіз басады. Ал асарлатып жүріп қыз ұзатқанды бірінші естуім”. Сондай-ақ журналист “нақты іс-әрекетсіз, халықтың көңілін дөп баспай жатып” партия қатарының жылдам молаюына күмән келтіреді.

“Қазірдің өзінде бір ғана Қызылорда облысында “Асарға” кіруге ниет білдіріп отырған 1300 адам бар. Аз уақыт аралығында олар мұндай қолдауға қалай ие болады деген сауал туындайтыны рас”, - дейді “Ақ жол Қазақстан” апталығының тілшісі.

“Жаңа саяси күшті қолдап, оның лидері өзінің ең үлкен мәлімдемелерін жасаған екі аймақтың әкімі үлкен қыздың құрбанына айналды”, - деп жазады “Экономика. Финансы. Рынки” басылымы. Газет мәліметтеріне қарағанда, “Дариға бастапқыда шынымен өзінің қозғалысын, сонан кейін партиясын құруға әкесінің рұқсатын алған. Алайда, оның алғашқы серпілістерінен кейін Отбасының басқа мүшелері мен Нұрсұлтан Әбішұлының айналасы оның назарын Дариғаның әрекетіне аудартып, оның президент құзырындағы күштердің қазіргі ахуалына кесірін тигізуі мүмкін екендігіне көзін жеткізген”. “Содан соң әкесі Сара Алпысқызы арқылы қызының арынын басып, “Асарды” құруын тоқтатуын талап еткен деген сөз бар. Оған қызы селт етпеген көрінеді”, - деп жазады Мұхамеджан Әділов.

Сондықтан, әлгі екі әкімге “президент әкімшілігінен кіжінген кезде олар қыздың ата-анасының рұқсатынсыз өз бетімен әрекет етеді деп тіптен ойламағандықтарын айтып қысылып-қымтырылған”. Газет шолушысының топшылауынша, “кезекті президенттік дода басталды. Оның дәл қашан межеге жететіні – 2006 жылы ма, әлде 2013 жылы ма немесе басқа жылы ма – белгісіз”. “Бірақ ондағы басты кандидаттар президенттің қызы Дариға Назарбаева мен президенттің екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаев болатындығы айдан анық ”, - дейді Мұхамеджан Әділов.

“Новое поколение” газеті “Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігінде жаңа партияның пайда болуына онша қуанышты емес” дегенді президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың сөзіне сілтеме жасай отырып, жазады. Президент кеңесшісінің айтуынша, “басқа партиялар сияқты оның да мақсаты – билік үшін күрес”.

Сондықтан, “президент әкімшілігі “бұл адамдар кімдер, қазіргі жүргізіліп отырған бағыт бойынша олардың ұстанымы қандай болмақ, мәжіліс сайлауына қанша кандидат шығара алады” деген сауалдар төңірегінде ойлануда”, - дегенді жазады “Новое поколение” газеті. Ең қызығы Дариға Назарбаеваның күйеуі Рахат Әлиевке қарасты деп есептелетін “Караван” апталығы осы оқиғаға орай “Қазақстанда жаңа партия пайда болды” деген Kazakhstan Today агенттігінің шағын ақпаратын берумен шектеліпті. “Қазақстан Заман” газеті “Асардың астарында не жатқандығын” келесі санында ашып жазуға уәде етіпті.

“Асар” жайлы ауыз ашпаған бірден-бір басылым “Қазақ әдебиеті” жаңадан әзірленген “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасын талқылауға белсене кірісіпті. Газеттің соңғы санында осы тақырыпқа орай “БАҚ жалған демократтардың жетегінде кетпесін”, “Редакцияның құдіретін арттыру керек”, “Мемлекеттік тапсырыс ала аламыз ба?” деген мақалар мен қазақстандық бір топ зиялылардың “Қатігездіктен араша” деген мәлімдесі жарық көрген.
XS
SM
MD
LG