Оның айтуынша, сол күні Алматы және Астанадан шыққан белгілі жазушылар мен парламент депутаты бар 20 шақты адамнан тұратын делегация жазушының туған еліне жетті. Жиын Қатон-Қарағай ауданындағы Үлкен Нарында жазушы тұрған үйге ескерткіш тақта қоюмен ашылды. “Мерекелік шаралардың басым бөлігі қазанның 7-не жоспарланып отыр”, - дейді Талаптан Ахметжан. Өйткені, сол күні Қатон-Қарағайдағы мәдениет үйінде жазушының шығармашылығына арналған ғылыми конференция, ақындар айтысының ақтық бөлімі және Бөкейдің әдеби-мемориалды мұражайының ашылу рәсімі болады. Ал тамыздың 8-де ат жарысы өтіп, жазушының аруағына бағыштап құран оқытылып, ас беріледі, мерейтойдың қорытындысы шығарылады.
Сол күні тәмамдалатын той “қарашаның 24-де Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында жазушының шығармашылығына арналған басқосумен жалғасады”, - дейді Жазушылар Одағы төрағасының келесі орынбасары Берік Шаханов. Оның айтуынша, онда әдеттегідей “белгілі жазушылардың бірі баяндама жасап, Алматы қаласы әкімшілігінен, мүмкін болса, Виктор Храпунов сөз сөйлеп, жиынды Жазушылар Одағы төрағасы Нұрлан Оразалин жүргізеді. Қатысушылар жазушы туралы естеліктерін айтады...”
Бұл шаралардың барлығы белгілі қазақ қаламгерінің шығармашылығын насихаттау болғандықтан, қарапайым жамиғат арасында: “Оралхан Бөкейді білесіз бе?” деген сауалнама жүргізгенімізде, тілшіге жолыққан 9 қазақ азаматы жазушы туралы мүлдем білмейтіндіктерін жеткізді. Мәселен, өзінің атын айтудан бас тартқан ер адам: “Білмеймін. Айгүл Мүкейге қатысы бар ма?” десе, өздерін Серік және Асқар деп таныстырған жасөспірімдер: “Әнші ме?” деп таңырқады, ал қалғандары үнсіз бастарын шайқасты.