Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылым беттерінде Жоғары сот төрағасы Қайрат Мәмидің, Ақпарат министрі Сауытбек Әбдірахмановтың сұқбаттары және қоғамдағы саяси-экономикалық мәселелерге орай мақаладар жарық көрді.

“Біздің солдаттарға уәде етіліген 2 мың доллар оларды жерлеуге ғана жетеді”, - дейді саясаттану, сонымен бірге әскери ғылымдар докторы, профессор Леонид Бакаев Қазбаттың Иракқа әкетілуі жөнінде “Эпоха” газетінде жарияланған “Қазақстан әскері үлкен соғысқа әзір емес” деген сұқбатында. Оның айтуынша, “біздің солдаттар қандай бейбіт ұрандармен бүркемеленсе де, олар басқа елдің территориясын аттады, жергілікті тұрғындар Қазақстанның белгілі бір мөлшерде АҚШ-тың тапсырысын орындап отырғанын жақсы түсінеді. Өйткені, Американың рұқсатынсыз біздің әскерилер жіберілмес еді. Сондықтан, бір жағынан, солдаттарды дербес мемлекет жіберіп отыр, екінші жағынан – бұл АҚШ-тың әскери саясатының жалғасы”, - деп есептейді профессор Бакаев.

Президент “Қазақтан демократиялық таңдау қозғалысының лидеріне рақымшылық жасауды американдықтармен сауда-саттық көзіне айналдырды: олар оны “Қазақгейттен” алып шығады, ал бұл саяси тұтқынды бостандыққа шығарады”, - деген болжам жасайды “Экономика. Финансы. Рынки” газеті “Президент тайм-аут алды. Жақияновтың тағдыры АҚШ-тағы сауда-саттық көзіне айналды” деген мақалада. Мақала авторы Мұхаметжан Әділовтің айтуынша, “биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айындағы оқиғалар Павлодар облысының бұрынғы әкімінің айналасында күрделі саяси ойынның жүріп жатқанын аңғартады. “Ойыншылар санатына ең алдымен Елбасының өзі, Жақияновтың шығуына қарсы билік элитасының бір бөлігі, оппозиция, батыс дипломатиясы мен халықаралық қауымдастық жатады”, - дейді Мұхаметжан Әділов. Оның мәліметтеріне қарағанда, қамаудағы оппозиционердің бостандыққа шығуына премьер-министр Даниал Ахметов, Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетов, Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев бастаған бір топ ықпалды шенеуніктер қарсы. “Оларды Сара Назарбаевадан басқа Елбасының отбасы мүшелері қолдап отыр”, - деп хабарлайды “Экономика. Финансы. Рынки” газеті.

“Мен азамат ретінде өлім жазасының алынып тасталуын ертерек деп есептеймін”, - дейді Жоғары сот төрағасы Қайрат Мәми “Комсомольская правда Казахстан” басылымына берген көлемді сұқбатында. Оның айтуынша, “қасақана адам өлтіру азайып отырған жоқ”. Соған қарамастан, Жоғары сот төрағасының мәліметтеріне қарағанда, өлім жазасы республикада жылдан-жылға азайып барады. “Егер былтыр алты ай аралығында республика соттары 18 өлім жазасы бойынша үкім шығарса, биылғы жылы – осындай бар-жоғы 6 үкім шыққан”.

Қазан айының 28-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы орман және аңшылық шаруашылығы басқарамасының бастығы Нұрлан Сейітжаппаровты үйінің жанында атып кеткенін хабаралайды “Заң газеті”. “Бұл Шымкенттегі алғашқы оқиға еместігін жұрт жақсы біледі. Кезінде Мардан Сапарбаевтан да, облыстық тубдиспансердің бас дәрігерінен де, тағы-тағылардан да қол қусырып отырып, айырылып қалғанбыз. Тіпті журналист Қайым Тілегеновтен де тапа-тал түсе айырлып қалдық. Бір жылдан асты, құқық қорғаушылар селт етер емес, - дейді газет тілшісі Оразхан Жарқынбек “Ендігі кезек кімдікі?” деген мақалада.

“Қазақстанда қанша ұлт бар?” деген сауал төңірегінде ой қозғайды Ғабит Мүсіреп “Егемен Қазақстан” газетінде. Оның айтуынша, “Қазақстан халқының 56 пайызын қазақ халқы құрайды, 28 пайызы орыс диаспорасының еншісінде. Басқа ұлт өкілдерінің еншісіне 16 пайыз тиеді. Сонда дейміз-ау 130 ұлт, көпұлттылық мәселесі қайдан шығады? 16 пайызды 130 ұлтқа бөлеміз бе? Басқалардың көңілін аулаймыз деп, төл мемлекетіміздің тәуелсіздігіне сызат түсіріп отырған жоқпыз ба?” – дейді “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі.

Жаңадан тағайындалған Ақпарат министрі Сауытбек Әбдірахманов “Эскпресс К” газетіне министр ретіндегі алғашқы сұқбатын ұсынады. Онда министр өзінің қазақ поэтикалық аударма тарихы бойынша зерттеуінің алғашқы нұсқасын әзірлегенін, ал “сүйікті пушкинтануы онымен өмір бақи бірге қалатындығын” айтыпты.
XS
SM
MD
LG