Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Қазақстанның Демократиялық Таңдау қозғалысының бұрынғы басшылары Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновқа қатысты оқиғаларға орай кереғар пікірлер берілген мақалалармен қатар жергілікті мәслихаттарға депутаттарды сайлау алдында кандидаттарға күш көрсету фактілерін әшкере ететін материалдар жарық көрді.

“Өкінішке орай, ”Путь к себе” кітабының авторы сол күйі жұмбақ күйінде қалды. Ертеректе бұл кітапты Мұхтар Әбләзов жазды деп келгенбіз, - дейді Сергей Обломов “Новое поколение” газетінде жарияланған “Авторды беріңізші” атты мақаласында. Обломов мырза біраз жанжалға себеп болған “мемуардың” шынайы авторы кім болуы мүмін деген сауалға бас қатыра отырып, құпия кітапқа “деловое обозрение Республика”, “Ассанди Таймс” газетінің бас редакторы Ирина Петрушованың қатысы болуы мүмкін деген газет болжамын алға шығарады.

“Егер бұл кітап шын мәнінде қолдан жасалған талантты көшірме болса, оның шынайы авторы қандай мадақтауға да лайықты”, - деген қорытынды жасайды “Новое поколение” апталығы. Осы мақаламен қатар берілген “Отыра ма?” деген материалда журналист Талғат Қалиев Демократиялық таңдау қозғалысының бұрынғы жетекшілерінің бірі Ғалымжан Жақияновтың “рақымшылық жасау жөніндегі өтініші төңірегінде соңғы кезде орын алған құйтырқы оқиғалар шын мәнісінде Қазақстанға діни лидерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінің келуі қарсаңында ұйымдастырылған акция. Оппозиция үшін өз лидерінің рақымшылық алуынан гөрі оның әлемдік қауымдастық алдында азап шегушінің кейпінде қалуы тиімді болса керек”, - деген тұжырым жасайды автор. Сонымен бірге “Новое поколение” газеті Жақияновқа қатысты жағдайдың мән-жайын түсіндіреді деп күтілген оның адвокаты Елена Ребечуктың баспасөз-мәслихаты сол күйі болмағанын тілге тиек етеді.

Ал “Экономика. Финансы. Рынки” газетінің мәліметтеріне қарағанда, адвокат Елена Ребечук баспасөз-мәслихаты болатын күні Құсмұрын түрмесі аймағынан шыға алмай қалған. “Оған жолда Ұлттық қауіпсіздік комитеті кедергі жасаса керек”. Осы газеттің авторы Нұрахмет Кенжеевтің пікірінше, Жақияновтың рақымшылық жасау туралы өтініш жазуы ең алдымен билікке тиімсіз. Өйткені, “бостандыққа шыққаннан кейін өне-бойы бизнесмен Мұхтар Әбләзовтің немен айналысатындығы мәлім еді. Ал Ғалымжан Жақиянов саясаттан басқа немен айналысады? Мемлекеттік қызметке қайтып келмейді ғой”, - деп жазады “Экономика. Финансы. Рынки” газетінің авторы.

Алдыңғы аптада “Қызыл кітапқа” енген сұңқарларды ауламақшы болған Алматы облысының бір топ қарақшылары мен араб азаматының Жамбыл облысының орман шаруашылығы басқарамасының инспекторларын айуандықпен соққыға жыққанын хабарлайды “Караван” апталығы. Қарақшылар мінген көліктің бірі - мемлекеттік нөмірлі, ал күш көрсеткендердің бірі - өзін Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қызметкерімін деп таныстырған. Газет мәліметтеріне қарағанда, мұндай оғаш оқиға алғаш болып отырған жоқ.

Осыдан екі апта бұрын табиғат қорғаушыларын төрт мас полицей қызметкерлері соққыға жыққан. “Эспресс К” газетінде жергілікті мәслихат депутаттығына өз кандидатурасын ұсынған талдықорғандық Гүлнар Мұқановаға қыркүйектін 10-ы күні өз үйінің подъезінде белгісіз біреулердің тарпа бас салып, күш көрсеткенін, содан кейін: “Өз кандидатураңды алып таста. Соңғы рет ескертеміз. Әйтпесе, жағдайың нашарлайды”, - деп қоққан-лоққы көрсеткенін жазады.

Ал “Қазақстан Заман” газетіндегі Алматы облысы әкімі Шалбай Құлмахановтың сұқбатына қарағанда, бұл облыста “қылмысқа қарсы күрес қатаң назарда. Сондай жұмыстардың нәтижесінде Алматы облысы бұрынғыдай соңғы орындардың бірінде емес, алдыңғы орындардың біріне шығыпты.” Осы сұқбатында Құлмаханов: “Хоргоста Қытаймен шекарадағы бейтарап аймақта базар салу жоспарда бар” екендігін жайып салыпты. Оның айтуынша, “қазақстандықтар Қытайдың ішіне барып, әуре болмай, керегін осы жерден алып кете барады”. “Техноэтнопарк салу да көзделіп отыр. Онда Қытай тарапы Қазақстан туралы жан-жақты ақпарат ала алады”,- дейді Алматы облысының әкімі Құлмаханов мырза.

Еуропалық Одақ Қазақстандағы бірқатар мекемелерге, оның ішінде Ауылшаруашылығы министрлігіне, Ұлттық банкке қаржылық көмегін беруді кейінге шегеріп отырғаны туралы ақпаратпен таныс еместігін мәлімдейді Қазақстандағы Еуропалық комиссия өкілдігінің басшысы елші Алан Ваддамс “Страна и мир” газетіне берген сұқбатында. Сонымен бірге ол “төрттік одақтың” құрылуы жөнінде: “ЕуроОдақ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылды, сондықтан, басты шарты – соғыстың қайталанбауын діттеу еді. Ал мұндай күшті альянстың құрылу себептері түсініксіз. Оған қатысушы елдердің өз себептері бар шығар, бірақ одақтың негізгі идеясы ортақ болуы тиіс. Ал ортақ валюта құру ақтық қадам болуы қажет ”, - дейді елші Алан Ваддамс.
XS
SM
MD
LG